Белгілі продюсер, актер әрі шоумен Нұртас Адамбай «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды бұзғаны үшін сотқа тартылды.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, істі Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарап жатыр.
Нұртас Адамбайға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы, 1-бөлігі, 4-тармағы, яғни «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын» бұзғаны үшін айып тағылған. Бұл бап ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге) қойылатын талаптарды бұзуға қатысты әрекеттерді қарастырады.
Мұндай әрекет үшін жеке тұлғаларға – 50 АЕК (185 мың теңге), заңды тұлғаларға – 200 АЕК (738 мың теңге) айыппұл төлеу жазасы тағайындалады.
Айта кетейік, сот процесі әлі жалғасып жатыр. Бастапқы да процесс қазақ тілінде жүргізілген. Кейіннен Нұртас Адамбайдың өтінішіне сәйкес, орыс тілінде жүргізу туралы қаулы шыққан. Сот процесі 1 тамызда жалғасады.
26 шілдеде Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты стендап-комик Александр Меркульді сахнада балағат сөз айтқаны үшін 10 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған.