Астанада шахматтан блиц бойынша командалық әлем чемпионаты аяқталды

Жарияланды 6 Тамыз 2024 18:01

(жаңартылды 6 Тамыз 2024 18:25)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Астанада шахматтан блиц бойынша командалық әлем чемпионаты аяқталды / фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Астанада ФИДЕ мен KazChess ұйымдастырған рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаттары аяқталды. Әлемдік клубтық біріншілікте ғаламшардың 315 үздік шахматшысы бас қосты. Айталық, іс-шараға әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары және ерлер мен әйелдер рейтингінің бірінші нөмір иелері Магнус Карлсен мен Хоу Ифань, қазіргі әлем чемпиондары Цзюй Вэньцзюнь мен Дин Лижэнь шахматшылары қатысты.

Ян Непомнящий, Александра Костенюк, Нодирбек Абдусатторов бастаған WR Chess құрамасы чемпиондары атанды. Күмісті Арджун Эригайси сияқты рейтингі жоғары үнділік шахматшылардан құралған MGD1 командасы алды. Қоланы Al-Ain ACMG UAE командасы және 17 жасар қазақстандық шахматшы Мұхтар Айнақұл ойнаған Chessy командасы өзара бөлісті.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 350 000 еуро, оның 100 000 еуросын рапидтегі жеңімпаздар және 40 000 еуросын блицтегі жеңімпаз команда алды.

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов барлық қатысушыға алғыс білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.

«Осынау үлкен, көп ұлтты, ынтымағы жарасқан әлемдік шахмат отбасын 2024 жылдың ең басты турнирлерінің бірінің аяқталуымен құттықтаймын! Қазақстан шахмат федерациясы үшін FIDE ұйымымен бірлесе отырып осындай ауқымды чемпионат ұйымдастыру үлкен мәртебе. Өз тарапымыздан ойыншылар, жанкүйерлер және бүкіл әлемдік шахмат қоғамдастығы бұл турнирден жақсы әсер алу үшін барымызды салдық. Жеке есепте 13 медальге ие болған қазақстандық шахматшылардың жетістіктерін бөлек атап өткім келеді», – деді Турлов. 

Жарысқа қатысқан тоғыз қазақстандық ойыншы рапидтегі жетістігі үшін медальмен марапатталды.

Ибрагим Ғалымжанұлы Al-Ain ACMG UAE командасының құрамында алтын медаль жеңіп алды.

Ринат Жұмабаев (2-ші тақта, Theme International Trading командасы), Жандос Ағманов (6-шы тақта, Astana-1), Бибісара Асаубаева (7-ші тақта, Kazchess), Елназ Қалиахмет (8-ші тақта, GMs Kazakhstan) және Мұхтар Айнақұл (9-шы тақта, Chessy) жеке күміс медальдермен марапатталды.

Қола медаль Меруерт Камалиденова (5-ші тақта, Astana-1), Алан Петухов (7-ші тақта, GMs Kazakhstan) пен Исабек Таникинге (9-шы тақта, Ashdod Chess Club) бұйырды. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович Қазақстандағы білім саласына шахмат ойынын енгізу, сондай-ақ спортшыларды даярлау бастамасын жоғары бағалады. 

Сондай-ақ оқыңыз