Қазақстанның даму банкінің активтері 9,3%-ға, 4,3 трлн теңгеге дейін өсті
Қазақстанның даму банкі PwC компаниясының тексеруінен өткен 2023 жылдың жылдық есебін жариялады. Оған сүйенсек, қаржы институты активтері 9,3%-ға өсті. Активтердің жалпы көлемі 4,3 трлн теңгені құраса, бір жыл ішінде активтер 367,8 млрд теңгеге өсті.
Міндеттемелердің жалпы көлемі 3,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға немесе 95,8 млрд теңгеге көп. Банктің меншікті капиталы 886,5 млрд теңгені құрады.
«Күрделі сыртқы экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстанның даму банкі үшін өткен жыл өсу кезеңі болды. Өткен жылы ҚДБ тобы 1 061 млрд теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз етті. Атап айтқанда, банк жалпы сомасы 748 млрд теңгеге 42 жобаны қаржыландырды. Жалпы қаржыландыру сомасы 1,2 трлн теңгені құрайтын 43 жоба мақұлданды», – деп жазылған есепте.
Сонымен қатар жалпы құны 120 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны аяқтап берген. Олардың қатарында Ақмола облысында құс фабрикасының қуатын кеңейту, сондай-ақ Қарағанды және Ақтөбе облыстарында екі байыту фабрикасы бар.
Бұған дейін «Қазақстанның даму банкі» жалғыз акционері – «Бәйтерек» холдингіне 90 млрд теңге дивиденд төлейтінін хабарлады.
Акционерге 2023 жыл үшін төлейтін дивиденд көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Банк алдыңғы жылы 17 млрд теңге дивиденд төлеген болатын. 2022 жылы қаржы ұйымы 34 млрд теңге табыс тапқан еді. Бір жыл ішінде банк табысы бес еседен аса өскен.
2023 жылдың ортасында «Самұрық-Қазына» қорынан басқа ұлттық компаниялар кірісінің 50%-ын мемлекетке дивиденд ретінде төлеуін міндеттейтін қаулы қабылданған.
Қазақстанның Даму Банкі – экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған қаржы институты. Жеке сайтында ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жобаларға инвестициялайтыны жазылған.