Шымбұлақта Оңтүстік Корея спортшылары оқу-жаттығу жиындарын өткізетін болады

Жарияланды 12 Тамыз 2024 15:42

(жаңартылды 12 Тамыз 2024 16:40)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Фото: Шымбұлақ тау-шаңғы спорты баспасөз қызметі

Алматыда орналасқан Шымбұлақ тау курорты мен Оңтүстік Кореяның MONA Yong Pyong курорты өзара туристер алмасу туралы келісімге келген. Сонымен қатар оңтүстік кореялық спортшылар оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрмақ. Бұл туралы Шымбұлақ тау-шаңғы курортының баспасөз қызметі хабарлады.

Айталық, 2024-2025 жылғы маусымда Шымбұлаққа Оңтүстік Кореядан 15 мыңға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр. Бұл келісімге Пхёнчхан қаласында қол қойылған.

« Сондай-ақ Оңтүстік Корея спортшылары Шымбұлақтағы тау шаңғысынан Азия Кубогы, фристайлдан Әлем Кубогының кезеңдері және басқа да маңызды спорттық шараларға белсенді қатысады. Осы серіктестік аясында Шымбұлақ курортында оңтүстік кореялық спортшылардың оқу-жаттығу жиындары өткізілмек» делінген хабарламада.

2024 жылдың 8 тамызында Пхёнчханда келесі бастамаларды қарастыратын келісімге қол қойылды: 

  1. Келісімшарт аясында тараптар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында жыл сайын туристер алмасу туралы келісті. 2024-2025 жылғы маусымда Шымбұлаққа Оңтүстік Кореядан 15 000-ға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр. Оларға курорттық қонақүйлерінде тұру 3 күннен 7 күнге дейін скипасс және жабдықтарды сақтау локерлері кіретін пакет ұсынылады. 
  2. Оңтүстік Корея спортшылары тау шаңғысынан Азия Кубогы, фристайлдан Әлем Кубогының кезеңдері және басқа да спорттық жарыстарға белсенді қатысады. Сондықтан осы серіктестік аясында Шымбұлақ курортында оңтүстік кореялық спортшылардың оқу-жаттығу жиындары өткізілмек.
  3. Ал қысқы демалысты жақсы көретін қазақстандық туристер үшін қонақүйлерде тұру, тамақтану, корейлік курорттың барлық қызметі көрсетілетін арнайы «маусымдық карта» жасалады. Ол 2024-2025 жылғы маусымда қолданысқа енеді. 

Бұдан бөлек, Шымбұлақтың маусымдық картасын алғандар MONA Yong Pyong-та сырғанауға 4 күндік тегін абонементті пайдалана алады, сондай-ақ қонақүйлерде жеңілдіктерге ие болады.

1954 жылы ашылған «Шымбұлақ» тау курорты Қазақстанның Алматы қаласынан 15 минуттық жерде, Іле Алатауының теңіз деңгейінен 2260 метр биіктіктегі көркем шатқалында орналасқан. Курортта әлем чемпионаттары, фристайлдан Әлем кубогы кезеңдері сияқты халықаралық сайыстар өткен.

Ал 1975 жылы ашылған, Барвансан тау жотасындағы Yong Pyong курорты – Оңтүстік Кореядағы алғашқы шаңғы базасы, ол 35 жыл бойы елдің ең танымал тау-шаңғы курорты болып келеді. 2018 жылы Yong Pyong Қысқы олимпиада ойындарындағы негізгі объектілердің бірі болды, бұл оның халықаралық жоғары беделін және инфрақұрылымының жоғары сапасын көрсетті.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы Алматыға 2 038 417 турист келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 12,6%-ға және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден 52,7%-ға артық. Ал шетелден келетін туристер саны 2022 жылмен салыстырғанда 29,5%-ға артты. Осылайша Алматы туризм бойынша елдегі көшбасшы қала болып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз