Алматы мәслихатының экс-депутатына тиесілі бизнес-орталықтың екі қабаты сот шешімімен сүрілді
Алматы қаласы Мұратбаев көшесі, 63 мекенжайында орналасқан Parasat бизнес-орталығының заңсыз салынған үшінші қабаты мен мансарды сот шешімімен сүрілді. Бұл туралы Қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.
Басқарманың ақпаратына сүйенсек, Parasat Samex Co LTD компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру барысында ғимараттың үшінші қабаты мен мансард қабатын сүру туралы компания иесіне бұйрық берілген. Алайда меншік иесі талаптарды орындамағандықтан, материалдар сотқа жіберіледі.
«2023 жылғы 24 қазанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен басқарманың бұйрықты мәжбүрлі түрде орындау туралы талап-арызы қанағаттандырылды», – делінген хабарламада.
Ғимараттың үшінші және мансард қабатын меншік иесінің өзі бұза бастаған.
Kompra жүйесіндегі ақпаратқа сүйенсек, Parasat Samex Co LTD компаниясының жалғыз құрылтайшысы Абылайхан Саматдин есімді азамат. Ол 2007-2012 жылдар аралығында «НұрОтан» (қазіргі «Аманат» – ред.) партиясынан Алматы қаласы мәслихатының депутаты болған. Компанияның басшысы ретінде Ахмет Жансұлу Исламқызы көрсетілген Компания жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады.
2023 жылғы желтоқсанда Алматы әкімдігі мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен жұмысы аясында таулы жерлерде заң талаптары мен құрылыс нормаларына мүлдем сай келмейтін салынып жатқан 52 нысанды анықтағанын жазғанбыз.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, қаладағы 19 нысан бойынша толық немесе ішінара бұзу, учаскені бастапқы күйіне келтіру және нұсқаманы мәжбүрлеп орындау туралы сот шешімдері заңды күшіне енген.
Соңғы екі жыл көлемінде заңсыз құрылыс салушыларға 20 қылмыстық іс қозғалып, 16 тұлға сотқа тартылған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, нарықтың 28 пайызы ғана заңды бағытта жұмыс істеп жатыр.