Екі ел азаматтары Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан паспортсыз өтуі мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан паспортсыз өту мүмкін / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасын екі елдің азаматтары паспортсыз жеке куәлікпен өтуге рұқсат етілуі мүмкін. Бұл туралы өзбекстандық «Газета» басылымы жазды.

«Бүгінде Өзбекстан мен Орталық Азия елдерінің арасындағы шекараны достық пен көрші елдер көпірі деп атауға болады. Осының дәлелі 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап өзбек-қырғыз шекарасынан ішкі құжат — жалпы азаматтық ID-картамен өту рәсімі басталған. Осыған ұқсас жоба қазақстандық тараппен де талқылануда», – деді басылымға берген сұхбатында Өзбекстан президент әкімшілігінің өкілі Абдулазиз Камилов.

Өкіл ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 11 тамызда Астанада өткен саммитте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Орталық Азиядағы ішкі паспорттарды өзара тануды ұсынған.

Айта кетейік, Өзбекстанда ішкі паспорттар ID-карта, Қазақстанда – жеке куәліктер деп аталады. 

Қазір жеке куәлік бойынша қазақстандықтар Қырғызстан шекарасынан өте алады. Өзбекстан және Тәжікстан шекарасынан өту үшін шетелдік паспорт қажет. Түркіменстанға кіру үшін қазақстандықтарға виза қажет. Алайда Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрақты тұрғындары Түркіменстанның Балқан уәлаятына бес тәулікке визасыз кіре алады.

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары 30 күн уақытша тіркеуге тұрмастан, бір-біріне сапарлай алады. 2023 жылғы ресми статистика бойынша Қазақстанға 46 мың өзбек мигранты кірген.

Сондай-ақ оқыңыз