БЖЗҚ Марченко, Жандосов, Жәмішев сынды сарапшылар тобының зейнетақы жүйесін жақсартуға қатысты ұсынысын қарастырып жатыр
БЖЗҚ сарапшылардың зейнетақы жүйесін жақсартуға қатысты президентке жолдаған ұсынысын қарастырып жатыр. Бұл жайлы қордың сайтында хабарланды.
Республикада Қаржы нарығы мен жинақтаушы зейнетақы жүйесін қалыптастырудың бастауында тұрған қазақстандық сарапшылар – Григорий Марченко, Ораз Жандосов, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Анвар Сайденов, Елена Бахмутова, Гүлфайрус Шайқақова Мемлекет басшысына жүйенің тұрақтылығы мен қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандырудың лайықтылығын арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірлеп жолдаған.
«Сарапшылар ұсынған шараларды кешенді түрде қарастыру қажет екенін атап өткіміз келеді. Сондықтан жақын арада сарапшылар тарапынан жасалған ұсыныстардың барлық бағыты бойынша сұрақтарға жауаптар жариялауды жалғастырамыз»,– деп хабарлады БЖЗҚ.
Сарапшылар Қазақстанның әлеуметтік-бағдарланған мемлекет екенін ескере отырып, ортақ зейнетақылардың біртіндеп төмендеуі аясында базалық зейнетақыны нығайту арқылы көп деңгейлі зейнетақы жүйесінің мемлекеттік құрамдауышын күшейтуді ұсынған. Бұл мақсатта ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) зейнетақы жүйесіндегі барлық төлемді болжау мен есептеудің бірыңғай ең төменгі стандарты ретінде айқындау көзделген.
Сонымен бірге базалық зейнетақының лайықты мөлшерін тең арттыру жолымен мемлекеттік зейнетақыға мемлекеттік бюджеттің шығыстарын ЖІӨ-нің 3%-нан төмен емес тұрақтандыру және қолдау ұсынылды. Нәтижесінде елдің экономикасы мен ЖІӨ өсуіне байланысты мемлекеттік зейнетақы деңгейі де (барлық зейнеткерлердің әл-ауқаты) тиісті түрде өседі және бюджеттен зейнетақымен қамсыздандыруға мемлекеттік шығыстардың деңгейі сақталады.
Қаржы саласының мамандары зейнетақы жинақтарының лайықты өсуін қамтамасыз ете отырып көп деңгейлі зейнетақы жүйесінің жинақтаушы құрамдауышын одан әрі дамытуды ұсынған. Оған сәйкес, 1975 жылы туғандармен шектелмей (болашақта әркелкі зейнетақы кірістерін және ұрпақтар арасындағы айырманы болдырмас үшін) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен зейнетақымен қамсыздандыруға барлық азаматтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделеді. Сонымен бірге зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалануға тыйым салмастан, салымшыларға олардың жинақтары мен болашақ төлемдерінің лайықтылығын қамтамасыз ете отырып, шешіп алу шарттары мен тәртібін өзгерту ұсынылды.
Сарапшылардың президентке жасаған ұсынысы ішінде жұмыспен қамтылған халықтың барлық тобын жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды арттыру, оған өзін өзі жұмыспен қамтыған, бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды қосу мәселесі де көтерілген.
Сарапшылар ұсынысымен мына сілтеме арқылы танысуға болады.