Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен шекара қызметінің функцияларын кеңейтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен шекара қызметінің функцияларын кеңейтті. Президент қол қойған Жарлық күштік құрылымдардың жұмысын үйлестіруді жақсартуға және ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.
ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында «ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ереженi бекiту туралы» 1996 жылғы 1 сәуiрдегі № 2922 және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәселелері» туралы 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 282 жарлықтарына толықтырулар енгізу туралы Президент жарлығы шықты.
«ҚР Ұлттық қауiпсiздiк комитетi туралы ережеде 15-тармақ мынадай мазмұндағы 313-13)(…)тармақшалармен толықтырылсын: «313-13) жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын техникалық тұрғыдан жүргізу үшін байланыс саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының және (немесе) байланыс желілерін иеленушілердің өзінің телекоммуникациялық жабдығының функцияларын өз қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен қамтамасыз ету қағидаларын және байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарды әзірлеу және бекіту», – делінген Президент жарлығында.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің функциялары мынадай тармақшалармен толықтырылды:
- байланыс саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, ҚР аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторларының немесе байланыс желілерін иеленушілердің дүлей зілзалалардан (жер сiлкiнiсi, сел, қар көшкiнi, су тасқыны және басқалар), дағдарысты экологиялық жағдайлардан, табиғи өрттерден, эпидемиялардан болған әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қатері төнген және туындаған кезде біріктірілген деректерді байланыс саласындағы уәкілетті органға ұсыну қағидаларын келісу;
- мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын дерекқорларды сәйкестендірілмеген түрінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызметте пайдалану үшін ұсыну қағидаларын келісу;
- ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деректерді өңдеу орталығының қызметін ұйымдастыру қағидаларын келісу;
- ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деректерді өңдеу орталығының халықаралық немесе ұлттық техникалық аудиттен өту қағидаларын келісу;
Қауіпсіздік комитеті мен шекара қызметінің функциялары адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдау, адам саудасының құрбандарына көмек көрсету, көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуына жәрдедесу және өзге де маңызды тармақшалармен толықтырылды.
Осыған дейін мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға беру қағидалары бекітілген болатын. Бұл қаулы мемлекеттік құпиялар мен олардың көздерін шет мемлекеттерге және халықаралық ұйымдарға беру қағидалары мен тәртібін айқындайды.