Іле-Балқаш резерватында Ресейден жеткізілетін Амур жолбарыстары үшін қоршаулар салынып жатыр

Жарияланды
Іле-Балқаш резерватында Амур жолбарыстары үшін қоршау орнатылып жатыр / wwf.com / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Іле-Балқаш резерватында Ресейден әкелінетін жолбарыстарды жерсіндіру үшін арнайы қоршау салынады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті осы мақсатта жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Іле-Балқаш резерватында жолбарыстарды жерсіндіру бойынша қорытынды және маңызды кезеңдердің бірі-қоршауларды орнату жұмыстары басталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған шаралар жолбарыстардың табиғи мекендеу ортасына қайтаруға дайындауда және Қазақстанда осы жыртқыштардың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстың маңызды бөлігі. Жұмыс барысымен танысуға резерватқа Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Төрағасы Данияр Тұрғамбаев келген. Ол қоршауларды орнату барысымен танысып, бұл шараларды жолбарыстар Қазақстанға жеткізлгенге дейін аяқтауды тапсырған.

Қазақстанға Амур жолбарыстары 2026 жыл жеткізіледі. Бұл жайлы ақпанда Самарқанда өткен «Миграция жасайтын жануарларды қорғау» конвенциясында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев айтқан болатын.

Сол кезде министрлік өкілі жолбарыстарды 2026 жылға қарай әкелу жоспарланып отырғанын жеткізген. Вице-министрдің айтуынша, 2021-2024 жылдар аралығында жыртқышқа арнайы тіршілік етететін ортасы дайындалады.

Жалпы Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру бастамасы 2010 жылдары басталған. Қазақстан үкіметі мысық тұқымдас жыртқыштың популяциясын қалпына келтіру үшін елге жойылып бара жатқан Амур жолбарысын әкелуді жоспарлап отыр. Жыртқыштың қорек ортасын қалыптастыру мақсатында Іле-Балқаш табиғи паркіне жыртқыш қоректенетін аң түрлері жіберілген.

2021 жылы қыркүйек айында Қазақстан мен Ресей президенттері қатысқан XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев та амур жолбарыстарын қалпына келтіру жобасын сөз еткен еді. Сол кезде Қазақстан басшысы Ресей тарапын осы жобаға қатысуға шақырып, Ресейдің көмегі маңызды екенін айтқан. Владимир Путин жобаны қолдауға келіскен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз