Ғарышта қалып қойған екі америкалық астронавт бір жылдан кейін SpaceX кемесімен Жерге оралады

Жарияланды 26 Тамыз 2024 10:41

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

Тілші s.ostemir@kursiv.media
Ғарышта қалған екі астронавт бір жылдан кейін Жерге оралады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ғарышта қалып қойған екі америкалық австронавт Суни Уильямс пен Бутч Уилмор Жерге тек келесі жылы ғана орала алады. Бұл туралы АҚШ-тың ғарыш агенттігі – НАСА мәлімдеді. 

ВВС таратқан ақпаратқа қарағанда, Boeing компаниясы шығарған «Старлайнер» ғарыш кемесінің алғашқы қадамы сәтсіз болғаны ресми түрде мойындалып отыр. Мұның алдында жоспарланғандай, екі ғарышкер бір аптадан кейін емес, сегіз айдан кейін Илон Масктің SpaceX ғарыш кемесімен оралмақ.  

«Олар 2025 жылдың ақпан айына дейін 71 және 72 деп аталатын халықаралық ғарыш стансалары экипажының құрамында жұмысын жалғастыра береді. Үйге Dragon ғарыш кемесімен  SpaceX Crew-9 миссиясына қатысушы халықаралық ғарыш стансалары экипажының екі мүшесімен бірге қайтады», – деді америкалық ғарыш агенттігі. 

«Старлайнер» болса, Жерге бос қайтпақ. Ғарыш стансасынан қыркүйек айының басында ажыратылуы тиіс. Агенттік «Стайлайнер» ғарыш кемесі «қауіпсіз әрі бақылауда болады, автономды түрде атмосфераға кіріп, Жерге қонады» деп сендіріп отыр. 

Boeing пен SpaceX ғарыш кемелерін жасау құқығына ие болуы үшін бәсекелесіп келеді. 2014 жылы НАСА-мен миллиардтаған долларға келісімшарт жасасқан болатын. SpaceX осы уақытқа дейін ғарыш стансасына тоғызыншы экспедиция жіберсе, Boeing шығарған «Старлайнер» маусым айында алғаш рет ұшырылған еді. 

Ғарыш кемесі ә дегеннен-ақ техникалық қиындықтарға тап келді. Отындық жүйесінен бес мәрте гелий шығып кеткен. Ғарыш стансасымен түйіскен кезде маневр жасайтын 28 қозғалтқыштың бесеуі бірден істен шыққан.  

НАСА және Boeing инженерлері ақау туралы мәліметтерді жинап, талдау жүргізіп көрген. Түрлі сынақ жасап, тәуелсіз сарапшыларды да шақырған. Бірақ сонда да «Старлайнер» ғарыш кемесімен экипажды қауіпсіз түрде қайтара алатынына көздері жетпеген. 

«Сарапшылар ортақ пікірге келе алмады. Күмән бар. Бұл жайт ғарышқа ұшудың қауіпсіздігі мен тиімділігіне қойылатын агенттік талаптарына қайшы. Ақырында, НАСА басшылығы ғарышкерлерді Crew-9 миссиясына ауыстыруға шешім қабылдады», – деп хабарлады америкалық ғарыш агенттігі. 

NASA астронавты Батч Уилмор мен Санни Уильямс алғаш болып SpaceX-пен Boeing-тің Starliner капсуласында ғарышқа көтерілген. Бірақ кемеден ақау шығып, небәрі 8 күнге ұшқан олар бірнеше айға қалып қойды.

Сондай-ақ оқыңыз