Түркия БРИКС ұйымына кіруге өтініш берді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Түркия БРИКС
Түркия БРИКС ұйымының құрамына ене ме / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Түркия БРИКС+ ұйымына кіруге өтініш тастады. Бұл қадаммен мемлекет өз ықпалын күшейту және жаңа байланыс орнатуға ниетті. Bloomberg-тің өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Анкараның өтініші жақын арада қаралуы мүмкін.

Басылымның жазуынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Батыс геосаяси орталық ретіндегі позициясын жоғалтып жатыр деп есептейді.

«Түркия мұндай қадамға сол күйі ЕуроОдаққа мүше бола алмаған соң барып отыр. Оған қоса, 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргелі ресми Анкараның Мәскеумен тығыз байланыс орнатуына қатысты НАТО-ның басқа мүшелерімен келіспеушілігі әлі бар», – деп жазады басылым.

Қауымдастықтың 22-24 қазанда өтетін саммитінде БРИКС+ құрамын кеңейту мәселесі қаралуы мүмкін.

2023 жылдың тамызында Оңтүстік Африканың Сыртқы істер және ынтымақтастық министрі Наледи Пандор 23 ел, соның ішінде Қазақстан да бар, БРИКС-ке қосылуға ресми өтініш бергенін хабарлады. 9 тамызда ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан бұл ұйымға кіреді деп айтуға әлі ерте деген болатын.

Ал 24 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мүше мемлекет ретінде БРИКС-ті дамытуға үлес қосқысы келетінін ресми түрде мәлімдеді. Мемлекет басшысы БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, күш біріктіруді ұсынды.

Биыл шілде айында Қытай Қазақстанның БРИКС+ мемлекетаралық бірлестігіне кіруін қолдады. Бұл туралы Қытай төрағасы Си Цзиньпин айтты. Қытай 2022 жылы да Қазақстанды БРИКС-ке шақырды. Сол тұста Қытайдың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Чжан Цзюнь твиттерде Қазақстан, Сауд Арабиясы, Аргентина, Египет, Индонезия, Нигерия, Сенегал, БАӘ және Таиландтың БРИКС+ диалогына қосылуын құптайтынын жазған.

БРИКС 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай экономика министрлерінің қатысуымен өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының аясында құрылды. 2024 жыл басында ұйымға жаңа елдер қосылғаннан кейін, бірлестік БРИКС+ деп аталды.

Қазіргі уақытта ұйым құрамында 9 мемлекет бар: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка, БАӘ, Иран, Египет және Эфиопия.

Сондай-ақ оқыңыз