Алматыда шетелдік туристен 77 мың теңге ақы сұраған такси жүргізушісі қамауға алынды
Алматыда Шетелдік туристен шамадан тыс ақы алған такси жүргізушісі 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желідегі тараған ақпараттан кейін, Үндістаннан келген туристке жол жүру ақысын артық төлеткен 27 жастағы жігіт ұсталды. Тексеру барысында азаматтың тиісті құжаттарынсыз жеке тасымалдаумен айналысқандығы, өз қызметін азаматтардың мазасын ала отыра ұсынғандығы, сондай-ақ оны ұстау кезінде полиция қызметкерінің заңды талаптарын орындамағандығы анықталды.
Үндістандық блогер әлеуметтік желілерде жариялаған видеосында таксист бастапқыда жол ақысына 77 мың теңге талап еткен. Артынша 30 мың теңгеге келіскенін айтты.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, соңғы уақытта Үндістаннан келген қонақтардың саны артып келеді. Бұған дейін Қазақстанға ең көп саяхаттауға ниет білдірген ТОП-10 ел туралы жазған едік.