Сыртқы істер министрлігі Украинада шиеленістің күшеюіне байланысты Қазақстан азаматтарына елге оралуды ұсынды

Жарияланды
Украина мен Ресей арасында шиеленіс күшейе түсуі мүмкін / Фото: kursiv.media

Украина мен Ресей арасында шиеленіс күшеюі мүмкін. Осыған орай Қазақстанның Украиндағы елшісі Украинада жүрген қазақстандықтарға ел аумағынан кетуді ұсынды. Бұл жайлы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Шиеленістің күшеюіне байланысты және қауіпсіздік мақсатында Қазақстан Республикасының Украинадағы Елшілігі Қазақстан азаматтарына Украина аумағынан кету мүмкіндігін қарастыруды ұсынады»,- делінген хабарламада.

Елшілік Қазақстан азаматтарына ел аумағынан шығу бағыттарын ұсынған.

Украинадан Қазақстанға жету үшін азаматтар жерүсті бағыттары бойынша Польша немесе Молдова еліне жетіп алуы керек. Бұл елдерге жеткен соң, Қазақстан бағытында ұшатын коммерциялық әуе компанияларының қызметін пайдалана алады.

Польша арқылы кеткен жағдайда Қазақстан азаматтарына Шенген визасы қажет болады. Ал Молдоваға кірерде виза талап етілмейді.

Сонымен бірге елшілік барлық азаматтқа әуе шабуылы туралы ескертулер кезінде қауіпсіз орындарды паналауды ұсынады.

Қосымша ақпарат үшін азаматтар елшіліктің консулдық бөлімінің байланыс телефондарына немесе Қазақстан азаматтарына арналған жедел желіге хабарласа алады. Толық ақпаратты елшіліктің ресми сайтынан алуға болады.

Еске сала кетсек, 2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операциясын» бастап, ел аумағына басып кірді.

Ал 2024 жылдың 7 тамызында Украина әскері Ресейдің Курск облысына басып кірді. Ресей президенті Владимир Путин мұны арандату деп мәлімдеді.  

Сондай-ақ оқыңыз