Қытай компаниясы Шымкентте жылына 20 мың электромобиль шығаратын зауыт салады
Шымкент қаласында жылына 20 мың электромобиль шығаратын зауыт салынады. Бұл жайлы Шымкент қаласы әкімдігінің «Курсивке» берген жауабында айтылған.
Осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Шымкентте Қытай компаниясы электр көлігін шығаратын зауыт салатыны туралы ақпарат тараған болатын. Біз бұл ақпараттың анық-қанығын білу үшін қала әкімдігіне сауал жолдаған болатынбыз.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, зауыттың құны 60 млн долларды құрайды. Зауытқа Қытайдың «Gui Holding» компаниясы инвестиция құюды жоспарлап отыр.
«Қала аумағында қытайлық компания «Gui Holding» жеңіл электр көліктерінің, кроссоверлердің және жүк көліктерінің жаңа үлгілері мен маркаларын шығаруды жоспарлап отыр. Жобаның құны шамамен 60 млн АҚШ долларын құрайды. Өндірістің қуатылығы – жылына 20 000 автомобильді құрайды»,- делінген басқарма жауабында.
Зауыттың нақты қашан салынып, қашан аяқталатынына қатысты сауалымызға әкімдік нақты жауап бермеген.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта қытайлық компания Қазақстан нарығына талдау жүргізіп жатыр. Яғни зауыт қашан салынатыны бизнес-жоба әзірлеу, есептеу жұмыстары аяқталған соң, бірақ белгілі болмақ. Жоба толығымен қытайлық инвесторлар есебінен қаржыландырылады.
Еске сала кетсек, шілде айында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қытайлық «Guyi Holding Company» өкілдерімен бірнеше меморандумға қол қойған болатын.
Зауыт Шымкенттің «Жұлдыз» индустриялық аймағында салынады деп жоспарланып отыр. Шетелдік инвестор бұл жобаны екі кезеңде жүзеге асырады. Бірінші кезеңде – құрастыру өндірісі ашылады. Екінші кезеңде – сырлау және дәнекерлеу цехы салынады.
Бұдан бөлек, шетелдік компания қаланы көгалдандыру және тұщы су ресурстарын кәдеге жаратуға қатысты жобаларға да қызығушылық танытып отырғаны айтылған.
Айта кетейік, Қытай электромобиль өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұр. Қытайдағы электромобиль өндірісінің артуына байланысты дүниежүзі бойынша электрлі көліктер сатылымы 21%-ға артқан.
Сонымен бірге Қытай автокөлік эспорты бойынша Жапонияны басып озды. Бұл ретте көрші елдің негізгі сауда бағыттарының бірі – Қазақстан. Мәселен, 2022 жылдың соңынан бері Қытайдың Geely компаниясы елде 16 дилерлік орталық пен көрме залдарын ашқан.