Алматыда қала күніне орай 150-ден астам мерекелік іс-шара өтеді

Жарияланды 10 Қыркүйек 2024 16:47

(жаңартылды 10 Қыркүйек 2024 16:54)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Алматы қала күні / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда қала күні аталып өтеді. Биыл мерекеге орай қала тұрғындары үшін 150-ден астам әртүрлі форматтағы іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі.

Әкімдіктің мәліметінше мерекелік іс-шаралар аясында оркестрлер, театр артистері, танымал әншілер қала ішінде арнайы автобуспен жүріп өтеді. Олар аялдамаларға, көпқабатты үйлердің ауласына және ашық алаңдарға тоқтап, тұрғындарды перформанспен таңғалдырады. Алматылықтар мен қала қонақтары мерекелік шараға күтпеген жерден қатысып қалуы мүмкін, өйткені артистер жүріп өтетін шығармашылық бағыт алдын ала хабарланбайды.

Сонымен қатар, Алматы күнін тойлау кезінде қаладағы метро да өнер алаңына айналмақ. Метрода акробаттар, симфониялық және джаз оркестрлері өнер көрсетеді. Метро бекеттерінде қала музейлері, кітапханалары және мемлекеттік архив ұйымдастырған үлкен көрме өтеді. Жер асты көлігінің жолаушылары жол-жөнекей экспонаттармен танысып, әуезді әуен тыңдап, қызықты кітаптар оқи алады.

Қаладағы әр ауданда «үй маңындағы сауық-кештері» ұйымдастырылады. Ашық алаңда үлкен экрандар орнатылып, қала тұрғындары мен қонақтары кешкі уақытта тарихи, классикалық және анимациялық фильмдер тамашалап, караокеде ән айта алады. Жобаға белгілі артистер де қатысып, тұрғындармен бірге караоке айтады.

Алматылықтарды алғашқылардың бірі болып «Дос-Мұқасан» құттықтайды. Аты аңызға айналған ансамбльдің концерті 11 қыркүйекте сағат 19:00-де «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында (Нұркент шағын ауданы, 6) өтеді. Одан кейін дәл осы алаңда сағат 20:00-де «Музарт» тобының концерті басталады.

11 қыркүйек сағат 19:00-де Арбатта «Алматы махаббатым» атты театрландырылған концерт өтеді. 

12-15 қыркүйек аралығында Панфилов көшесіндегі Арбатта сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін Алматы кітапханалары «Кітап оқуға саяхат» атты квест өткізеді. Сонымен қатар, 14-15 қыркүйекте сағат 11:00-ден бастап Арбатта жыл сайынғы «Кітап fest» фестивалі өтеді.

Сондай-ақ, 12 қыркүйекте сағат 15:00-де Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында киностудияның алтын қорындағы фильмдер көрсетіледі.

13 қыркүйекте сағат 19:30-да «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында театр артистері мен «Qazaqsha терапия» тобының қатысуымен «Ғасырлар үні» театрландырылған концерт ұсынады.

Негізгі мерекелік іс-шаралар 14 және 15 қыркүйекте өтеді

14 қыркүйекте сағат 16:00-де Астана алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтіп, оған Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren және Adam сияқты танымал артистер қатысады. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері,продюсер DJ Imanbek.

Қала күні, 15 қыркүйекте сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін Республика сарайының алдындағы Абай алаңында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты ауқымды отбасылық фестиваль өтеді. Бұл бірегей жоба әрбір отбасы мүшесіне қызықты болмақ. Осы жерде сағат 11:30-да «Алматы – арман қала!» эстрадалық концерті өтеді, оған Жәмилә Серкебаева, Өктем Алтаев, Қаракөз Сүлейменова, Жұбаныш Жексенұлы, Диана Исмаилова, Мұқасан Шахзада және басқа да танымал артистер қатысады. Балалар мен жасөспірімдерге, сондай-ақ «TikTok» белсенді қолданушыларына арналған ерекше фото және видео алаңдары ұйымдастырылады. Фестиваль аясында сағат 19:00-де YOLO HOUSE, BIP HOUSE және басқа да танымал тикток жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді.

15 қыркүйек күні Тұңғыш Президент атындағы саябақта сағат 10:00-де жыл сайынғы «Алма Fest» фестивалі басталады. Саябақ аумағында концерттер, ашық аспан астындағы кинотеатр, көрмелер, қолөнершілер жәрмеңкесі, алма сорттарының әрбір түрін қамтитын жәрмеңке, балалар ойын алаңдары, фотоаймақтар, спорттық ойындарға арналған аймақтар және т.б ұйымдастырылады. Дәл осы саябақта 15 қыркүйекте сағат 16:30-да «Алматы – сүйікті қалам» концерті өтіп, мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Бақтияр Тайлақбаев, Жұбаныш Жексен, Диана Исмаилова және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді.

Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар қаланың барлық аудандарында өтеді. Басқада іс-шаралар жоспарының толық нұсқасын Алматы қаласы әкімдігінің сайтында, сондай-ақ әкімдіктің Instagram парақшасында, Алматы Мәдениет басқармасы мен аудандық әкімдіктердің ресми парақшаларында жарияланған.

Сондай-ақ оқыңыз