Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев егіс алқабын аралады
Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетімен танысты. Ақорданың баспасөз қызметі Президенттің егіс алқабында түскен суреттерін жариялады. Бұл суреттер әлеуметтік желі қолданушыларының назарын бірден аударды.
Ал облыс басшысы Құмар Ақсақалов Президентке биыл өңірдегі 5 миллион гектар алқапқа егін егілгенін баяндаған. Ақпаратқа сәйкес, облыстағы сала мамандары элиталық тұқымның үлесі мен минералды тыңайтқыштарды себу көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
Әлеуметтік желі қолданушылары Тоқаевтың Қостанай облысы Майкөл ауылдық округіндегі «Надеждинка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық алқабында түсірілген фотосуреттердің сапасы мен сәтті ракурстарына да таңданыс білдірген.
Бұл сапарда Тоқаев өңірдің егіс алқабында болып, аралап, ауыл шаруашылығы мамандарымен әңгімелесті. Мемлекет басшысы «егінді уақтылы жинап алу, еңбек өнімділігін арттыру және аграрлық салаға жаңа технологиялар енгізу, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатқа сай пайдалану» маңызды екенін атап өтті.
Ақорданың баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет отандық фермерлерді қолдауды жалғастыратынын және табысты жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсететінін жеткізді деп хабарлады.
Айта кету керек, Қазақстанның ішкі нарығында V сыныпты бидайдың тоннасына 90 мың теңге (ҚҚС-пен) ұзақ уақыт бойы сақталып келеді. Ал III сыныпты «Hi-pro» бидайы тоннасына 110 мың теңгеге сатылды. Алайда бұл тұрақтылық ешкімге ұнамайды. Шаруалар үшін бұл көрсеткіш тым төмен. 2022 жылы баға бір тонна 185 мың болған, яғни 75 мыңға жоғары.