Президент Жарлығымен Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: Ұлттық Паралимпиада комитеті, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен XVII жазғы Паралимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен атлеттердің жаттықтырушылары мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, алтын медаль иегерлері Дегтярев Давид Мамиевич І дәрежелі «Барыс» орденімен, Науатбек Ақмарал Маратқызы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен  наградталды. Күміс медальға қол жеткізген Ғаббасов Еркін Тілеуғабылұлы, Жұмағали Нұрдәулет Мақсұтұлы және Шәмей Ерғали «Парасат» орденінің кавалерлері атанды. «Құрмет» орденімен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мұқашбеков Дастан Мұратұлы, Райфова Зарина Райфқызы, Федосова Даяна Владимировна және Шүкірбеков Жұрқамырза Бақытұлы марапатқа ие болды.

Ұлттық құрама бас бапкерлері мен спортшылардың жеке жаттықтырушыларының арасынан 5 азаматқа «Парасат» ордені, 7 адамға «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар екі жаттықтырушы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен наградталды.

8 қыркүйек күні Франция астанасында Паралимпиада 2024 аяқталды. Ойындарда барлығы 220 медаль, оның ішінде 94 алтын алған Қытай құрамасы ең үздік болды. Одан кейінгі орындарда Ұлыбритания мен АҚШ спортшылары.

Ал Қазақстан атынан 44 спортшы қатысып, барлығы тоғыз медальмен 39-шы орынды иеледі. Еліміз бұған дейінгі Рим, Токиодағы Паралимпиадаларда Қазақстан құрамасы тек бір алтын медальдан ғана иеленген еді. Бұл жолы қос бірдей алтынға ие болып, көрсеткішін жақсартты. Жеңімпаздарға бірінші орын үшін 120 млн теңгеден, алтыншы орынға дейін 2,4 миллион теңге беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін XVII Паралимпиада ойындарының жабылу салтанаты өткені туралы хабарладық.

Сондай-ақ оқыңыз