2023 жылдың жазынан бері иеннің бір долларға шаққандағы бағамы алғаш рет 140-тан төмен болды

Жарияланды
Фото: shutterstock.com

16 қыркүйектегі жапон валютасының долларға қатысты бағамы психологиялық маңызды деңгейден – 140 иеннен төмен түсті. Оның шілде айындағы құлдыраудан кейін қалпына келуіне Жапония мен АҚШ арасындағы ақша-несие саясатындағы алшақтықтың артуы ықпал етеді.

Толығырақ

Жапон иені жергілікті қор нарықтары үшін мереке күндері (Үлкендерді құрметтеу күні) 0,6%-ға – бір долларға қатысты бағам 139,96-ға дейін қымбаттады, деп жазды Bloomberg. Бұл – 2023 жылдың шілдесінен бергі ең күшті көрсеткіш. Осы тоқсанда иен доллар жұбымен 15%-ға нығайды және G10-дағы ең тиімді валютаға айналды. Өйткені инвесторлар АҚШ пен Жапония арасындағы пайыздық мөлшерлеме айырмашылығының одан әрі төмендеуін күтеді.

Осы аптада АҚШ-тың Федералды резерві 2020 жылдан бері алғаш рет ставканы төмендетеді. Бірақ қаншалықты төмендететіні әлі белгісіз. Жапония банкі алдағы жұмада биылғы екі цифрлық мәндегі өсімнен кейін ставканы тұрақты ұстауы мүмкін. Сонымен қатар Жапонияның Орталық банкі биыл тағы да бір мәрте өсуге мүмкіндік береді, бәлкім қазан айында шығар, деп хабарлады Trading Economics.

Сарапшылар не дейді?

«Иенді негізінен ФРЖ-ның күтіліп отырған отырысы және америкалық реттеушінің осы аптада мөлшерлемені 25 базистік тармаққа емес, 50 базистік тармаққа төмендету қаупі қолдап отыр. Ставкалардың төмендеуін күту деңгейі өзгеріссіз қалса да, ФРЖ отырысы өтетін күннің жақындауы долларды иенге қарай әлсірету үшін жұмыс істейді», – деді Сингапурдағы Macquarie Group стратегі Гарет Берри Bloomberg-ке берген сұхбатында.

Жапония банкінің іс-әрекеттерінен басқа, ұлттық валютаның нығаюына кэрри-трейд стратегиясының тез құлдырауы ықпал етті. Трейдерлер иенмен арзан несиелер алып, иенмен шетелден тиімді активтер сатып алды.

Шілде айының басында иен бағамы бір доллар үшін 161,95-ке дейін төмендегенде, шамамен 38 жылдағы ең төменгі көрсеткіш, «аюлар» жапон валютасының бір долларға қатысты бағам болжамын 170-ке көтерді. Кейін сарапшылардың көбі иеннің әлсіздігіне қатысты бұрынғы болжамдарынан бас тартты және қазір бағамның өсуін болжап отыр.

«Доллар-иен жұбы келесі екі-үш ай көлемінде «тұрақты түрде төмендеп, 137-138 аралығында саудалануы мүмкін», – дейді Сиднейдегі Westpac Banking-тің валюта стратегиясы бойынша басшысы Ричард Франулович. Оның айтуынша, ФРЖ саясатының алдағы жұмсартылуы мен Жапония банкінің «сұңқар» саясаты бағамдарда ескерілгенімен, шындық болжамнан өзгеше болуы ықтимал және нарықтарға әсер етуі мүмкін.

Контекст

Опциондар нарығындағы хедж-қорлар өткен аптаның соңында өсімді жалғастырады деген үмітпен иенді нығайту ставкаларын арттырды. Аты-жөнін жасыруды өтінген бірнеше трейдер Bloomberg-ке Аустралия доллары, Швейцария франкі және Қытай юаны сияқты валюталарға қарсы тұру үшін иенге басымдық беретінін айтқан.

Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Citigroup-тың валюталық сауда бөлімінің басшысы Натан Свами агенттікке маржалық инвесторлардың (брокерлерден алынған қарыз қаражаттарына сауда жасайтындар) иенге қатысты басқа валюталарды әлсіретудің түрлі нұсқаларына деген сұранысты байқағанын айтқан. Оның айтуынша, «бұл ойындар reverse knock-out және early knock-out опциялары сияқты тәуекелсіз стратегиялардан бастап, опциондар мен спредтерге дейін қамтылады».

Сондай-ақ оқыңыз