Алматы қала күнінде тағы да Гиннесc рекордтар кітабына енді 

Жарияланды 16 Қыркүйек 2024 12:46

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Алматы Гиннесс рекордтар кітабына енді / Фото: Алматы әкімдігі, коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласы күніне орай Apple Fest фестивалі аясында 1700 литр алма компотын дайындады. Бұл нәтиже Гиннесс рекордтар кітабына енді деп хабарлайды Алматы қаласының әкімдігі.

Әкімдіктің мәліметінше, биылғы жылы 50 алматылық бау-бақша шаруашылығы 130 тоннадан астам алма, соның ішінде танымал «апорт» сортын әкелді. Компотты кәсіби аспазшылар тобы дайындады. Бір литрлік бөтелкенің құны 500 теңгені құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, компотты сатудан түскен ақша қаладағы саябақтарды безендіруге, құс ұяларын, ағаш көшеттері мен бұталарды сатып алуға жұмсалады.

Фестивальде барлығы 130-дан астам алма сорты ұсынылды. Олардың ішінде: Салтанат, Айнұр, Рашида, Гала, Рахат, лимонка, грушовка, америкалық, апорт және басқалар бар.

Еске сала кетейік, Алматыда қала күніне орай 150-ден астам мерекелік іс-шара өтті.

Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен «Алма Fest» фестивалінде алма жәрмеңкесінен бөлек концерттер, ашық аспан астындағы кинотеатр, көрмелер, қолөнершілер жәрмеңкесі, балалар ойын алаңдары, фотоаймақтар және т.б ұйымдастырылды.

фото: Алматы әкімдігі

Фестивальдің басты сахнасында Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева, еңбек сіңірген әртіс Бақтияр Тайлақбаев және қаланың эстрадалық-симфониялық оркестрі, Толқын Забирова «Асу» тобы, Kyle Ruh, Бауыржан Мусин, Диана Исмаилова және басқа да әртістер өнер көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз