ҰҚК шетелден келген қазақтардың ұлтын растайтын комиссия құрамына кірмейтін болды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ҰҚК қазақтардың ұлтын растайтын комиссия құрамынан шығарылды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелден келген қазақтардың ұлтын растайтын комиссия құрамына кірмейтін болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қол қойған бұйрықта жазылған.

Тамыз айында Еңбек министрлігі ҰҚК-ны комиссия құрамынан шығару туралы жоспарын жария еткен. Себебі аталмыш орган «консультативті-кеңесші орган» қатарына кірмейді. Қыркүйек айында құжат министр бұйрығымен бекітілді.

Министр бұйрығына сәйкес, енді комиссия құрамында

  • Көші-қон, білім беру, мәдениет, ішкі саясат салаларындағы әкімдіктер өкілдері;
  • Ішкі істер органдарының өкілдері;
  • Этникалық қазақтар мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың және/немесе қоғамдық бірлестіктердің өкілдері;
  • Қазақ тілі мен Қазақстан тарихы саласындағы мамандар ғана болады:

Жеке құжаттарында ұлты туралы мәлімет жоқ шетелден келген этникалық қазақтар осы құжатты алуы тиіс. Комиссия үкімімен берілетін құжат шетелдіктерге қандас мәртебесін алуға және Қазақстан азаматтығына үміткер болуға мүмкіндік береді. 

Комиссия шетелдіктің ұлты туралы қосымша ұсынылған құжаттарды қарап, қазақ тілін, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, мәдениеті мен туыстығын білу үшін әңгімелесіп, қазақ ұлтының өкілі екенін немесе қазақ емес екінін анықтайды.

Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілі, тарих және Конституция бойынша емтихан тапсыру ережесін әзірлеген.

Қазақстан азаматтығын алу тәртібі өзгерген. Құжатта мемлекеттік тіл мен Қазақстан тарихын білмейтін азаматтардың өтініші қабылданбайтыны жазылған. Олар қазақ тілін қарапайым деңгейде білу керек. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау тәртібіне сәйкес азаматтық алғысы келетіндер арнайы құжаттармен бірге мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білу туралы сертификат тапсыруы керек болады. 

Сондай-ақ оқыңыз