Қашаған операторы Қазақстан үкіметімен 5 млрд доллар экологиялық айыппұл бойынша келіссөзді қайта жандандырды – Bloomberg
Қашаған кен орнын игеріп жатқан инвесторлар консорциумы – North Caspian Operating Company (NCOC) Қазақстан үкіметімен 5 млрд доллар экологиялық айыппұлға қатысты келіссөзді қайта бастады. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазады.
Басылымның жазуынша, Eni, Shell, Exxon Mobil мен TotalEnergies Қазақстандағы әлеуметтік жобаларға 110 млн доллар ивестиция салуды ұсынып отыр. Сонымен қатар «әлеуметтік даму» арнайы қорын құрып, ішкі нарыққа сұйытылған газ жеткізуге жеңілдік жасауға ниетті. Есесіне Қазақстан үкіметі Қашаған кен орнында күкіртті артық сақтап, қоршаған ортаға келтірген залалды өтеу туралы талабын қайтарып алуы керек.
Одан бөлек, инвесторлар мұнай компанияларына қарсы бұндай шағымдардың алдын алу үшін экологиялық заңнамананы өзгертуді ұсынады.
Қашаған кен орнын игеріп жатқан операторға қатысты дау 2023 жылдың көктемінде басталған. Сол кезде Атырау облысының экология департаменті Қашаған операторы «Болашақ» зауытының қоймасында 1 млм тонннадан асатын күкіртті артық сақтағанын мәлімдеді. Экологтар NCOC қоршаған ортаны қорғау жоспарын толық орындамай отыр деп айыптады: ағынды сулар тиісті тазартусыз булану тоғанына жіберіліп, шикі газ экологиялық рұқсатсыз жағылып келген.
Нәтижесінде Экология министрлігі компанияға 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар) айыппұл салды. Алайда North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы бұл айыппұлды сот арқылы даулап, қарсы шағым түсірді. Астананың әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты оператордың шағымы ішінара қанағаттардырды. Бірақ Экология министрлігі сот шешімімен келіспей, қайта арызданды.
2024 жылдың ақпан айында Астана сотының апелляциялық алқасы экологтардың Қашағандағы тексеріс нәтижесін заңды деп таныды. Яғни жоба операторы – NCOC консорциумы 5,1 миллиард доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс болған. Енді Жоғарғы сот осы дау бойынша алдын ала шешімді осы аптада шығаруы ықтимал.
2016 жылдан бері мұнай өндіріліп жатқан Қашаған – әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Қашағандағы мұнай қоры 13 млрд баррельге жетеді деген болжам бар. Кен орнын бірнеше инвестордың басын қосқан корсорциум игеріп жатыр.
Қазір NCOC акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell (SPB: RDS.A) Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil (SPB: XOM) Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).