Туризм саласына тартылған инвестиция 69%-ға өсті
Биыл алғашқы сегіз ай ішінде туризм саласындағы негізгі капиталға 527,6 млрд теңге инвестиция тартылып отыр. Былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда өсім 69%-ға жеткен. Нақты атап өтсек, ол кезде 311, 8 млрд теңге инвестиция салынған еді.
Жалпы елімізде туризм саласында 148 инвестициялық жоба қолға алынып отыр. Оның аясында 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мақсат – туристерге арналған инфрақұрылымдар салу, жақсарту және оларды елге келуге қызықтыра түсу.
«Туристік бағыт – стратегиялық маңызды сала. Оған тартылған инвестициялар көлемі соңғы кезде өсіп жатқаны аңғарылады. Бұл еліміздегі туризмнің дамуына деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Туристік бағыттарға заманауи инфрақұрылымдар керек. Осы арқылы біз елімізді сыртқы және ішкі саяхатшылар үшін тартымды етеміз», – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпов.
Оның сөзіне қарағанда, биыл Қазақстанда 64 туризм саласында 64 инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Бұл – туризм саласының дамуына және туристерді тартуға қосылған үлкен үлес.
Мұның алдында Туризм индустриясы комитеті туристер ең көп келетін еліміздегі 5 қаланы атаған болатын.