Талғарда кісі қолынан қаза болған жасөспірімнің ата-анасы Салтанат Нүкенованың ағасынан көмек сұраған

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Прокуратура жасөспірімнің өліміне байланысты 7 адам қамауға алынды / kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Талғар ауданында кісі қолынан қаза тапқан Полат Шерзаттың туыстары Салтанат Нүкенова атындағы қордың негізін қалаушы, құқық қорғаушы Айтбек Амангелдіден көмек сұраған. Бұл туралы құқық қорғаушының өзі хабарлады.

Құқық қорғаушымен тілдескен марқұмның ата-анасы баланы 13 адамның ұрып-соққанын айтқан. Қайтыс болған жасөспірімнің отбасына тиесілі дүкенге келген азаматтардың біріне дүкен иелері сағат 22:00-ден кейін сыра сатудан бас тартқан. Осыдан кейін жанжал туындап, арты қайғылы оқиғаға ұласқан.

Айтбек Амангелді таратқан ақпаратқа сүйенсек, бастапқыда полиция 9 адамды қамауға алған. Кейіннен екі қызды куәгер ретінде танып, босатқан. Тергеу ісі Қонаев қаласы органдарына өтіп, 7 адам қамауға алынған.

Алматы облысының прокуратурасы жасөспірімнің өліміне байланысты 7 адамды қамауға алған. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Прокуратура ақпаратына сүйенсек, осы қылмысты жасады деген күдікті 7 азамат 2 ай мерзімге қамауға алынған. Бұған қоса, қылмысқа қатысы бар адамдардың нақты жауапқа тартылатынын айрықша атап өткен.

Прокуратура өкілдері куәгерлерден осы іске байланысты тергеу көмектесетін ақпарат болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуді сұрады.

7 қазан күні қайтыс болған баланың туыстары Талғар ауданы әкімдігінің алдына жиналып, істің әділ тергелуін талап еткен. Осы даулы жағдайдан кейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаны өз бақылауына алғанын жазды.

Сондай-ақ оқыңыз