10 күндік үздіксіз өсімнен кейін, Қытайдағы акциялар күрт құлдырады

Жарияланды
Акциялар нарығының құлдырауына бірнеше фактор әсер етті / Фото: CFOTO via Reuters Connect

Құрлықтық Қытайдың қор нарығындағы акциялар 10 күндік қарқынды өсімнен кейін күрт құлдырады. Бұл жағдай инвесторларды әрі-сәрі күйге түсірді. Себебі нарықтағы тұрақтылыққа қатысты күмән көбейе бастады.

Қытайдың акциялар нарығы 8 қазандағы сауда-саттықта әлсіздік танытты. Атап айтқанда, Hang Seng (HSI) индексі 9,56%-ға төмендеді. Гонконгта сатылатын қытайлық акцияларды қамтитын Hang Seng China Enterprises 10,9%-ға құлдырады.

Акциялар нарығының құлдырауына бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен, Қытай үкіметі жариялаған экономикалық қолдау шараларының жеткіліксіздігі. OCBC-тің инвестициялық стратегиялар бойынша директоры Васу Менонның пікірінше, үкімет экономикалық ынталандыруды күшейтуі қажет.

«Тұрақты өсу үшін салық-бюджет саясатын қатаңдату және экономиканы, жылжымайтын мүлік нарығын қолдауға арналған ауқымды шаралар қабылдау қажет болады», – деді ол.

Bloomberg-тің мәліметінше, геосаяси қауіптер мен белгісіздіктердің артуы қытайлық облигациялар нарығындағы жағдайды одан әрі күрделендіре түсті. Инвесторлар Қытай үкіметінің қолға алған шаралары нарыққа сенім ұялата алмай отырғанын алға тартты. Салдарынан әлемдегі көптеген қор нарықтары Қытайдағы жағдайдың нашарлауына байланысты акцияларын жаппай сата бастады.

Қытай Халық банкі экономикаға қолдау көрсету мақсатында бірнеше шара қабылдаған болатын. Оның ішінде банктер үшін резервтік талаптарды 50 базистік тармаққа төмендету, ипотекалық несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін азайту сияқты шаралар бар. Осы арқылы нарыққа 1 трлн юань (142,15 млрд доллар) көлемінде қарыз қағаздарын шығару жоспарланған.

Дегенмен бұл шаралардың нарыққа әсері әзірге күткендей болмай отыр. Сондықтан сарапшылар алдағы уақытта Қытай үкіметі қосымша экономикалық қолдау тетіктері керек деп санайды. Бірақ көптеген инвестор мұндай қадамдардың тиімділігіне күмәнмен қарайды.

Сондай-ақ оқыңыз