«Самұрық-Қазына» басшысы Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа бұрынғы иелері — Клебанов пен Кан кінәлі деп есептейді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Екібастұз ЖЭО-дағы апатқа кім кінәлі? / Коллаж: Kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Самұрық-Қазына» төрағасы құбырлар жарылып, бүтін бір қала халқын әуреге салған Екібастұз жылу электр орталығындағы апаттың себебін түсіндіріп берді. Нұрлан Жақыпов 2022 жылдың қарашасында орын алған ЖЭО-дағы апатқа оның бұрынғы иесі, яғни «Павлодарэнерго» компаниясының басшылары – Александр Клебанов пен Сергей Канды кінәлі деп санайды.

 «Техногендік апатқа ұшырадық. Квазимемлекеттік сектор бұл-жауапты менеджмент. Нәтижесінде Екібастұз ЖЭО «Самұрық-Энергоға»берілді. Компания жекеменшік иелікте болды, ал жекеменшік оны осындай күйге жеткізді. Бәлкім бұл тарифпен байланысты немесе басқа себеп болуы мүмкін. Мемлекет үлкен күш салғанның арқасында, жағдайды қалыпқа келтірді, ал қазір ЖЭО-ны біздің балансқа берді», – деп атап өтті Жақыпов.

Жақыпов қазіргі инфрақұрылымды ұстап тұру үшін әділ тариф белгілеу қажеттігін айтады. Өйткені бүгінде шығындар «Самұрық-Қазына» компанияларының есебінен өтелуде.

«Ал жекеменшік иесі [«Павлодарэнерго иелері] емін-еркін жүр, өздерін жақсы сезінеді, барлық жүкті біреудің иығына артып қойды», – деп түсініктеме берді «Самұрық-Қазына» басшысы.

Александр Клебанов – ең бай 75 бизнесмен рейтингінде 12-ші орында (2024 ж.) және Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені рейтингінде 21-орында тұр. Оның байлығы 815 миллион долларға бағаланады. Ал Сергей Кан 292 миллион долларға тең байлығымен ең бай 75 бизнесменнің (2024) арасында 31-орынға жайғасқан.

Қос олигарх ОАЭК арқылы «Павлодарэнерго» АҚ, «Павлодар Солтүстік су каналы» ЖШС, «СевКазЭнерго» және «Ақмола РЭК» компанияларына да иелік етеді. Олар Forbes нұсқасы бойынша ең бай қазақстандықтар тізіміне енген.

Екібастұз ЖЭО-сындағы 2022 жылғы апат

2022 жылғы қыстан Екібастұз тұрғындары тоңып шықты. 2022 жылдың 27 қараша күні Екібастұз қаласы ЖЭО-да апат болып, қазандық агрегаттары тоқтады.

Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырды. Қаланы өзі барып аралаған Премьер-министр апатқа кінәлі адамдардың бәрі жауапқа тартылады деп мәлімдеді.

Қыс бойы ЖЭО-да қайта-қайта апат болып, екібастұздықтардың үйлері еш жылымады. Тіпті Президенттің өзі Екібастұздағы үйлерге бірқалыпты жылу беруді тапсырды.

Бұл апат салдарынан компанияға 930 млн теңге шығын келген. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Екібастұздағы апат қайталанбауы үшін жыл сайын 5-9 млрд теңге қажет болатынын айтты.  

Сондай-ақ оқыңыз