«Зауыт құрылысына назар аударсын»: Қашаған кен орнының операторы QazaqGaz басшысының мәлімдемесіне жауап берді
Қашаған мұнай-газ кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы QazaqGaz ұлттық газ компаниясының жаңа газ өңдеу нысандары салынып, нәтижесінде мұнай өндірісі артады деген болжамын жоққа шығарды. Инвесторлар QazaqGaz жоспардан артта қалып келе жатқан өз жобаларына назар аударуы керек деп санайды. Бұл туралы S&P Global жазады.
QazaqGaz бас директоры Санжар Жаркешов Қашағанды кеңейту жобасына сәйкес, мұнай өндіру көлемін тәулігіне 25 мың баррельге өсіруге мүмкіндік барын айтқан. Қашаған – Қара теңіздегі Новороссийск портынан экспортталатын CPC Blend мұнайын ірі жеткізуші. CPC Blend қазіргі кезде Brent мұнайына жақын бағада сатылып жатыр.
QazaqGaz газ өңдеу қуаттылығын арттыру жобасына қатысып, қуаттылығы 1 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауытын салып жатыр. Алайда бұл зауыттың құрылысы кешігіп жатыр. Ресми дерек бойынша, зауыттың тек 23%-ы дайын. Бұған дейінгі жоспар бойынша, зауыт 2025 жылдың басында іске қосылуы керек еді. Құрылыстың кешіктірілуіне байланысты 2026 жылдың ІІ тоқсанында пайдалануға берілмек.
«Қашаған алдағы ондаған жыл бойы Қазақстан экономикасына өз үлесін қосады. NCOC акционерлері, серіктестері және үкіметпен бірге одан әрі өсу мүмкіндіктерін зерттеуді жалғастырып жатыр. Осыған байланысты QazaqGas-бен ынтымақтастық QazaqGaz газ өңдеу зауыттарына, ал NCOC өндіріс көлеміне назар аударған кезде нәтиже береді», – деді NCOC.
NCOC кеңейту жобасы экологиялық және кеткен шығындарды өтеуге қатысты дау салдарынаy күрделене түсуде деп тұжырымдайды.
Сәуір айында Bloomberg Қазақстанның Қашаған консорциумына қарсы құны 150 миллиард доллардан асатын арбитраждық шағым түсіргенін хабарлады. Алайда Үкімет те, компания да шағымның егжей-тегжейін жарияламады. Тамыз айында агенттік шағым сомасы 160 млрд долларға дейін өскенін хабарлады. Қазан айының басында Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp және TotalEnergies SE Қазақстан үкіметімен Қашаған кенішіне қатысты 5 млрд доллар экологиялық айыппұлды реттеуге тырысып жатқаны хабарланды.
Алайда Экология министрлігі Қашаған инвесторларынан экологиялық айыппұлды реттеуге қатысты ұсыныс алмағанын мәлімдеді.