Республикалық бюджетте қаржы тапшы: Ұлттық қордан биыл жалпы 5,6 трлн теңге алынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
бюджет РК
Фото: kursiv.media, бильд редактор Ахтам Зиперов

Республикалық бюджетке түсетін қаржының азаюы салдарынан, Қазақстан Үкіметі был Ұлттық қордан жалпы 5,6 трлн теңге алады. 2024 жылға қордан бюджетке бөлінетін трансферт 3,6 трлн теңге деп бекітілген еді. Оның 2 трлн теңгесі – кепілдендірілген трансферт, 1,6 трлн теңгесі – нысаналы трансферт болатын.

Алайда биыл ел экономикасының өсу қарқыны баяулап, бюджетке салық аз түсіп, қазынадағы қаржы жетпейтіні белгілі болды. Үкімет жетпейтін қаржыны Ұлттық қордан алуға шешім қабылдаған.

11 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қаулыға қол қойды. Осы қаулы негізінде ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025 жылға арналған нысаналы трансферт бөлу және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы» 2021 жылғы 12 қазандағы №671 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізіледі. Яғни арнайы қаулымен Ұлттық қордан нысаналы тарансферт ретінде тағы 2 трлн теңге алуға шешім қабылданған.

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынханов KursivMedia сауалына берген жауабында қосымша бөлінген қаржы өңірлерге субвенция ретінде аударылатынын жазады.

«ҚР Президентінің Жарлығына 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №650 жарлығына сәйкес 2024 жылға арналған нысаналы трансферттің мөлшері республикалық бюджет кірістерінің атқарылмауына алып келген 2024 жылғы экономиканың өсу қарқынының баяулауына байланысты өңірлерге субвенциялар аударуды қамтамасыз ету үшін 1,6 трлн теңгеден 3,6 трлн теңгеге дейін қайта қаралды», – делінген Ұлттық банктің KursivMedia сауалына берген жауабында.

Бұл ретте, 2024 жылдың 9 айында Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде 2,019 трлн теңге алынғаны белгілі. Енді жыл соңына дейін тағы 1,581 трлн теңге алынбақ. Ал заңмен бекітілген 2 трлн теңге нысаналы трансфертті жыл бітпей жатып жұмсап тастадық. Нәтижесінде кепідендірілген және нысаналы трансфертті қосқанда, Ұлттық қордан биыл 5,6 трлн теңге алынады. 1 қазандағы дерек бойынша, Ұлттық қорда 31,37 трлн теңге жинақталған.

Сондай-ақ оқыңыз