Молдовада президент сайлауы мен ЕуроОдаққа қосылу туралы референдум өтті
Молдовада президент сайлауы мен Еуропалық Одаққа қосылу туралы референдум өтті.
Молдова президенттігіне 11 үміткер тіркелген. Олардың қатарында қазіргі Молдова президенті Майя Санду, сонымен қатар бұрынғы бас прокурор Александр Стояногло және «Біздің партия» жетекшісі Ренато Усатый бар.
Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. 2020 жылғы сайлауда үміткерлер саны сегіз болған еді. Ел бойынша 2 мыңнан аса сайлау учаскелері ашылған.
Сонымен қатар ЕуроОдаққа кіру мәселесін Конституцияда бекіту туралы референдум ұйымдастырылды. Азаматтар референдумда «Сіз Молдова Республикасының ЕуроОдаққа кіру мақсатында Конституцияға өзгеріс енгізуді қолдайсыз ба?» деген сұраққа жауап береді. Референдумға дауыс беру нәтижелері жексенбіден дүйсенбіге қараған түні жарияланбақ.
Айта кетейік, Молдова президенті төрт жылдық мерзімге сайланады. Молдованың сайлау туралы заңына сәйкес, Президент сайлаушылардың кемінде үштен бірі қатысқан жағдайда өтті деп есептеледі.
Президенттікке үміткер сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс берген жағдайда сайланады. Егер ешбір үміткер 50%-дан артық дауыс жинай алмаса, сайлаудың екінші кезеңі өтеді.