Ресей FATF ұйымының қара тізіміне енсе, қазақстандық банктерге қандай қауіп төнеді?

Жарияланды
Шығарушы редактор, шеф-редактордың орынбасары
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Michael Kappeler/dpa via Reuters, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Егер Ресей FATF-тың (Халықаралық ақша жылыстатуға қарсы күрес тобы) қара тізіміне енсе, бұл Қазақстан банктерінің Ресей қаржы ұйымдарымен байланысын едәуір қиындатады. Екі ел арасындағы ақша аударымдары қымбаттап, комплаенс-процестер қайта қаралуы керек, сондай-ақ бизнес жүргізу қиындай түседі. KPMG Кавказ және Орталық Азиядағы серіктесі, форензик департаментінің басшысы Фаррух Абдуллаханов осылай деп тұжырымдайды.

2024 жылдың 15 қазанында Ресейді FATF қара тізіміне енгізу мәселесі қаралатыны белгілі болды. Бұл тізімге ақша жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға ден қойған мемлекеттер кіреді.

Тексеріс неге күшейді?

Егер Ресей қара тізімге енсе, ол FATF-тың нысанасына іліккен төртінші ел болады. Қазіргі кезде бұл тізімде Иран, КХДР және Мьянма бар. Фаррух Абдуллахановтың пікірінше, Ресейдің FATF ұйымының қара тізіміне ену ықтималдығы төмен. Өйткені көрші мемлекет бұған дейін ақша жылыстату және терроризмді қаржыландыру бойынша халықаралық стандарттарды сақтап келген.

Абдуллахановтың айтуынша, мұндай жайт орын алса, Қазақстан банктері комплаенс-процестерін қатаңдатуға мәжбүр болады. Сонымен қатар Ресеймен сауда-саттық мен ақша аударымдарына байланысты кейбір өнімдер мен бизнес-процестерін қайта қарауы қажет. Банктерге ресейлік серіктестерін егжей-тегжей тексеру міндеттеледі, бұл өз кезегінде қаржы операцияларының кешігуі мен құнының артуына әкелуі мүмкін.

Сарапшының айтуынша, FATF осындай операцияларға толық тыйым сала алмайды. FATF-тың шешім қабылдауда назар аударатын негізгі факторларын және мемлекеттер мен қаржы жүйесінің қатысушыларына қандай ұсыныстар беретінін түсіну маңызды. Бұл өз кезегінде әр елдегі заңнама деңгейінде нормативтік құжаттарға әсер етеді. Мұндай өзгеріс мерзімдері әр елде жеке реттеледі.

«Егер Ресей FATF қара тізіміне енсе, Ресеймен белсенді экономикалық байланыстары бар заңды тұлғалараға бизнес жүргізу және сауда операциялары бойынша есеп айырысу қиындай түседі», – деді ол.

Криптовалюта балама бола ала ма?

Сарапшы көптеген қаржы ұйымдарының Ресеймен евро мен доллардан өзге валюталарда есеп айырысуға көшкенін, сондай-ақ санкция қаупінен сақтана отырып, кейбір операцияларды қысқартқанын атап өтті.

Ресейдің FATF қара тізіміне енуі ықтималдығы балама есеп айырысу, мәселен, криптовалютаның дамуына ықпал етуі мүмкін.

Иран тәжірибесі

Фаррух Абдуллахановтың айтуынша, Иран тәжірибесіне жүгінетін болсақ, иран банктерінің шетелдегі филиалдары мен еншілес құрылымдары жергілікті реттеушілердің лицензиясын алып, жергілікті заңнаманың талаптарын сақтай отырып, Иран субъектілерімен сауда және қаржы операцияларын жүзеге асырып жатыр.

«Сондықтан FATF қара тізіміне енген ел банкінің еншілес компаниясы немесе филиалы автоматты түрде ақша жылыстатуға қарсы заңды бұзады деп айтуға келмес. Егер филиал немесе еншілес банк өз бизнес-моделіне сәйкес реттеушінің талаптарын толық көлемде сақтай алмаса, онда реттеуші мұндай банк қызметін шектеуге құқылы», – деді ол.

КursivМedia нарық қатысушыларының да пікірін білді. Жауап берген банктердің шағын бөлігі Ресей FATF-тың қара тізіміне енсе, өз ақша саясатын түзетуге және халықаралық талаптарды орындауға қажет шараларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Банк секторы өкілдерінің басым бөлігі комментарий беруден бас тартты. Қазақстан Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мақала жарияланғанға дейін жауап бермеді.

Сондай-ақ оқыңыз