Қазақстан БРИКС-ке қосылуды кейінге шегергені үшін Ресейден экономикалық қысым көріп жатыр ма – Жұманғарин жауап берді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: .kursiv.media (primeminister.kz), бильд-редактор Ахтам Зиперов

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ресей Қазақстанның БРИКС-ке қосылуды кейінге қалдыруынан қазақстандық бидайды импорттауға тыйым салғанын жоққа шығарды. Ол мұндай мәлімет шындыққа жанаспайтынын және ресми деңгейде талқыланбағанын атап өтті.

«Бұл ақпарат шындыққа сай келмейді, ресми деңгейде мүлде талқыланған емес», – деп жауап берді Серік Жұманғарин брифинг барысында.

16 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БРИКС-ке кіруін «ұлт мүддесі тұрғысынан мұқият қарастырып жатқаны» жайлы ақпарат тарады. Бұл мәлімдемеден соң Ресейдің саясаткерлері пікір білдіріп, РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «БРИКС – БҰҰ-ны алмастыратын бірлестік емес» десе,  РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «БРИКС-ке бірігу бәрімізге пайдалы» деп тұжырымдаған.

Ал 17 қазанда Ресей Қазақстаннан бидай және басқа ауыл шаруашылығы шикізатын импорттауға уақытша шектеу енгізді. Ал ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстанның Қытайға астық экспортын едәуір арттыратынын мәлімдеді.

Осы ретте шетелдік БАҚ Ресейдің Қазақстаннан астық тасымалдауға шектеу қоюын БРИКС мәселесімен байланыстырған. Ұйымға кіру мәселесін кейінге қалдырған Қазақстанға осылайша қысым жасалуы мүмкін деп тұжырымдайды. Алайда Қазақстанның ресми билігі бұны жоққа шығарып отыр.

БРИКС (BRICS) — бұл бес дамушы экономикалық қуатты елдерден тұратын халықаралық ұйым. Олардың атауы ағылшын тіліндегі қысқартылуымен белгілі: Бразилия (B), Ресей (R), Үндістан (I), Қытай (C) және Оңтүстік Африка (S). БРИКС елдері әлемдік экономикадағы маңызды ойыншылар және олар бірлесіп жұмыс істеу арқылы өздерінің экономикалық, саяси және геосаяси ықпалдарын күшейтуді мақсат етеді.

Биыл жазда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мүше мемлекет ретінде БРИКС-ті дамытуға үлес қосқысы келетінін ресми түрде мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз