Ұлттық қордан 80,8 млрд теңге жұмсалған: Астанадағы LRT 2025 жылдың соңында пайдалануға берілмек
Құрылысы басталғанына 13 жыл болған Astana LRT 2025 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Бұл туралы «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді. Ал Қаржы министрлігі KursivMedia сауалына берген жауабында нысан құрылысына Ұлттық қордан 2023 жылы – 52,4 млрд теңге, ал 2024 жылы 28,4 млрд теңге жұмсалғанын хабарлады. Яғни Astana LRT жобасына Ұлттық қордан 80,8 млрд теңге алынған. Қазір қаржы толық игерілген.
24 қазан күні Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі құрылысын тексерді. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс нысанының дайындығы мен көлік жүйесін дамыту перспективасы туралы баяндады.
Қазіргі кезде LRT эстакадасының арқалықтарын төсеу жұмыстары аяқталған, стансалардың негізгі темірбетон конструкциялары 2024 жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. 2025 жылы рельстер төселіп, стансалар әрленіп, жылжымалы құрамдар жеткізіліп, депо салынады. Эстакаданың бір бөлігі Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесінің бойында абаттандырылады.
Жеңіл рельсті желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды, 18 станса қарастырылған. 652 жолаушыға арналған 19 пойыз іске қосылады. Қозғалыс аралығы – 4-5 минут, бастапқыда тәулігіне 25 мың адам тасымалданса, кейін бұл көрсеткіш 92 мыңға дейін жетпек. Төлем жүйесі көлік картасы немесе QR-код арқылы жасалады.
LRT құрылысына қытайлық China Construction Sixth Bureau және басқа жетекші компаниялар тартылған. Жоба аясында жүргізушісіз пойыздар іске қосылады. LRT құрылысын толық аяқтау және оны пайдалануға беру 2025 жылдың соңына жоспарланған.
Астана LRT жобасы бастапқыда 2011 жылы басталып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда бірнеше рет кейінге шегеріліп, жоба әлі күнге дейін пайдалануға берілмеді. 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жобаны аяқтауды қатаң тапсырды. Ол бұл жобаны «сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған» және «елдің беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға» айналғанын сынға алды.
Жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын LRT жобасының бастапқы құны 1,9 миллиард доллар деп белгіленген.