Solidcore алтын өндірісін 7%-ға төмендетті, бірақ компания түсімі 45% артты
2024 жылдың үшінші тоқсанында Solidcore (бұрынғы Polymetal) алтын өндірісін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға, 119 мың унцияға дейін төмендетті. Бұл туралы оның қаржы есебінде жазылған.
Компанияның хабарлауынша, бұған Шығыс Қазақстандағы вагондар тапшылығы әсер еткен.
«Сонымен қатар теміржолдардағы кептеліс салдарынан жеткізілімдердің қысқаруына байланысты «Қызыл» кен орнындағы өндіріс 9%-ға, 77 мың унцияға дейін азайды», – деп жазылған құжатта.
Осыған қарамастан Solidcore бағалы металл сатылымын бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 10%-ға арттырды. Көрсеткіш бірден 122 мың унцияға жетті. Бірақ үшінші тоқсандағы сатылым алдыңғы тоқсаннан төмен болды. Екінші тоқсанда өндіруші дайын қорларының айтарлықтай бөлігін сатқан еді.
Solidcore-дің тоқсандық кірісі алтын бағасы мен сауданың «қыза» түсуіне байланысты 45%-ға өсіп, 302 млн долларға жетті.
«Компания 2024 жылға арналған 475 мың унция алтын эквиваленті және қолма-қол ақша (TCC) және барлығын қосқандағы қолма-қол ақша (AISC) бойынша 2024 жылға арналған өндіру жөніндегі жоспарын бір унция үшін 900-1000 доллар және 1250-1350 АҚШ доллары мөлшерінде растайды», – деп жазылған есепте.
Бұл ретте есепте компания қаржы директоры Максим Назимок 10 қарашада қызметінен кететіні де жазылған. Оның орнына корпоративтік қаржы жөніндегі атқарушы вице-президент Евгения Онущенко келеді.
2024 жылдың екінші тоқсанында компания өндірісті бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 37%-ға арттырған еді.
Solidcore Resources plc – Қазақстандағы екінші ірі алтын өндірумен айналысатын компания болып есептеледі. Қазақстан аумағында оның екі өндіріс орны бар. Абай облысындағы «Қызыл» және Қостанай облысындағы «Варваринское» кеніші.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы маусымда Polymetal International plc атауын Solidcore Resources plc деп өзгерткен еді.
2024 жылдың басында Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы – Maaden International Investment LL бағалы металл өндірушінің 23,9% акциясын сатып алды. Осылайша компанияның негізгі акционеріне айналды.