Бектенов кедендік органдарға шетелден заңсыз кіргізілетін ескі көліктерді қатаң бақылауды тапсырды
Премьер-министрі Олжас Бектенов елге кіретін автокөліктердің техникалық талаптарға сай келмейтінін айтып, жауапты органдарға «қатаң тәртіп» орнатуды тапсырды.
Үкімет сағатында Автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева елдің автоөндірісіне теріс әсер етіп жатқан факторларды атады. Айтуынша, елге кіргізілетін ескі көліктер көп.
«Шетелден техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейтін, криминалдық тарихы көп көліктер кіріп жатыр»,– деді Мақашева.
Бұл елдегі автоөндірушілердің бәсекелестік қабілетіне теріс әсер етеді. Қазақстан автопромы 8 кәсіпорыннан құралғанын айтқан қауымдастық басшысы 2024 жылдың 9 айында Қазақстандағы өндірістік индекс көлемі 86,7%-ды құрағанын, ал жалпы көлік өндірісі саласындағы автомобиль шығару көлемі 39,4%-ға көтерілгенін атап өтті.
Қауымдастық деректеріне сәйкес, автомобиль өндірісі соңғы 5-6 жылда айтарлықтай артқан. Мәселен, 2018 жылы елде небәрі 31 788 бірлік автомобиль өндірілген. Ал 2024 жылдың 9 айында бұл көлем 90 997 бірлікті құраған.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мақашеваның көтеріп жатқан мәселесінің орынды екенін айтты.
«Шетелден кіретін автомобильдердің техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейтіні рас. Әсіресе, жүк көліктерінің мәселесін шешу керек. Бұл ішкі нарықтағы бәсекелестікте әділетсіздікке жол ашады. Сол үшін аталмыш проблема бүгінгі хатамаға енгізілсін. Ал кедендік және сертификаттау органдары, стандарттау комитеті бұл мәселеге шындап кірісуі тиіс»,– деді премьер-министр.
Сонымен бірге Бектенов отандық өндірушілер үшін жағдай жасалып жатқанын, алайда олардың сырттан келетін импорттық өнімдермен бәсекелесе алмай отырғанын атап өтті.
«Мен өзім автомобиль зауыттарының бірінде өндірушілермен кездестім, олар «біз көлік шығарамыз, бірақ Еуро-2 стандартына сәйкес келетін көліктер, ғайыптан-тайып Еуро-5 стандартымен елге кіріп жатыр» деп шағымданады. Сондықтан бұл салада қатаң тәртіп орнату керек»,– деді Бектенов.