Министр Шарлапаев жеңілдетілген автокредиттің енді неге берілмейтінін түсіндірді

Жарияланды
«Жеңілдетілген автокредитке ешкім, ешқашан разы болмайды», – дейді министр / фото: kursiv.media мұрағаты

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жеңілдігі бар автокредиттердің неге тоқтағаны жайында пікір білдірді.

«Жеңілдігі бар автокредитке ешкім, ешқашан разы болмайды. Бұл – түсінікті жайт. Алғысы келетін адамдар тым көп, ал бұған жұмсалатын қаржы тым аз. Десе де, өндірушілер де, қаржы нарығы да бір жерде тұрып қалмайды», – деді Шарлапаев.

Оның айтуынша, Үкімет көлік сатып алуды жеңілдету үшін жеке тұлғалар үшін лизинг енгізу туралы заңнаманы аяқтауға жақын қалды. Сонымен қатар көлік сатумен айналысып жатқан компаниялардың өзі түрлі қаржы құралдарын жасап, бөліп төлеу шартымен автокөлік сатып жатыр.

«Жеңілдетілген автокредит қаржысының бағытына келсек, мұны мен дұрыс шешім деп білемін. Қолдауымыз керек деп есептеймін. Бұл – қалалардағы, өңірлік орталықтардағы қоғамдық көлікті дамытуға жұмсалған қаржы. Бұған қалалық қана емес, ауданаралық қатынас көліктері де кіреді», – деді министр.

Қанат Шарлапаевтың пікірінше, жеке автокөліктердің сатылуына қаржы бөлгенше, қоғамдық көліктерді жақсарту ләзім.

«Бұл – көп азаматтарымыздың қажеттілігі. Біз жеңілдетілген автокөлікке кредит беру мәселесін бір жарым жыл бұрын жаптық. Бұл қаржы жеке көліктерді сатып алуға емес, тек қана қоғамдық көліктердің дамуына жұмсалады», – деді министр.

Мұның алдында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев  4 пайыздық автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатынын мәлімдеген еді. 

Сондай-ақ оқыңыз