Грузияда сайлау бюллетеньдері қайта саналғаннан соң, оппозиция наразылық акциясын жариялады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Грузияда оппозиция наразылық акциясын жариялады
Грузияда оппозиция наразылық акциясын жариялады / Фото: eurointegration.com.ua, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Грузияда парламенттік сайлау нәтижесіне келіспеген халықтың талабымен бюллетеньдер қайта саналды. Дегенмен қайта санау орталық сайлау комиссиясы шығарған нәтижеде қате кетпегенін анықтады.

Қайта санаудан кейін елдегі оппозиция өкілдері жаңа митинг жариялады. Оппозиционерлер митингіні 4 қарашаға жоспарлар отыр. Наразылық Тбилиси орталығындағы Руставели алаңында кешкі сағат 19.00 басталуы тиіс.

Олардың бұл бастамасын президент Саломе Зурабишвили де қолдап отыр.

«Бұл пессимизмнің уақыты емес, қазір тыныш отыруға болмайды. Басыңды көтеріп, дауысыңды қорғау маңызды», – деді президент.

Ал премьер-министр Ираклий Кобахидзе сайлау заңды болды деп есептейді. 

«Грузияның тәуелсіз мемлекет екендігімен келісуіміз керек. Арнайы қабылданған заңдар бар. Елде өткен таза сайлауға көз жеткізгісі келетіндердің барлығына ашықпыз», – деді премьер.

Дегенмен бірнеше халықаралық бақылаушылар сайлауда құқық бұзушылықтар болғаны туралы хабарлағаннан кейін, ел прокуратурасы тергеу бастаған.

Прокуратура тіпті ел президенті Саломе Зурабишвилиді ведомствоға шақырған. Президент прокуратура тәуелсіз тергеу жүргізу үшін ведомствоға барудан бас тартқан.

Грузиядағы парламенттік сайлау 26 қазанда өтті. ОСК мәліметтері бойынша, ЕуроОдаққа қосылуға қарсы «Грузин арманы» партиясы 53,9% дауыс жинаған. Оппозициялық партиялар мен президент сайлау нәтижесін мойындамады. Партиялар парламентке бойкот жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз