Димаш Құдайбергеннің Еуропадағы концертіне бару үшін қанша қаражат кетеді?

Жарияланды 12 Қараша 2024 10:56

(жаңартылды 12 Қараша 2024 13:10)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Димаш Құдайберген Еуропада екі концерті өткізеді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қарашаның 22 мен 24 күндері Димаш Құдайберген Чехия астанасы Прагда және Германияның Дюсселдорф қаласында Stanger атты жеке концерттерін өткізеді. Kursiv Lifestyle Қазақстаннан Еуропадағы Димаштың концертіне бару үшін шамамен қанша қаражат кететінін санап көрді.

Алматыдан Прагаға Құдайбергеннің концертіне бару үшін ұшу, қонақ үй және концерт билеттерінің бағасын есептеп көрдік.

Ұшу билеті: Алматы – Прага бағытында Стамбул немесе Доха арқылы ұшып бару шамамен 339 628 теңге тұрады. Алайда, ұшар күнге жақындаған сайын әуе билетінің бағасы өсетінін ескеру қажет.
Қонақ үй: Чехия астанасы Прагадағы қонақ үйлердің құны Қазақстан бағасынан айтарлықтай қымбат емес. Booking.com сайтындағы бағаларға сүйенсек, Прагада тәулігіне 20-25 мың теңгеге орташа деңгейлі қонақ үй табуға болады. Ал, премиум бес жұлдызды қонақ үйлердің бағасы тәулігіне 80-90 мың теңгеден басталады.
Концерт билеті: Қазақстандық әншінің концерті Праганың Fortuna Arena-да өтеді. Стадион 19 370 адамды сыйдыра алады. Ал, концертке билеттер 32 500 теңгеден 235 000 теңгеге дейінгі аралықта бағаланып отыр. Бұл Қазақстандағы Астанада өткен концерттің билеттер бағасымен салыстырғанда қымбат, Астана аренада өткен концертке билеттер 10.000-45.000 теңге аралығында сатылды.

Барлығы Алматы-Прага бағытында ұшып, орташа қонақ үй мен концертке бару бағасы шамамен 450 000 теңгеден жоғары болуы мүмкін.

Дюссельдорфтағы концертіне қанша қаражат кетеді?

Димаштың Дюссельдорфтағы концерті PSD Bank Dome аренасында өтеді. Стадионға 15 151 адам сыйады. Сондай-ақ Дюссельдорфқа әуе билеті Прагаға қарағанда арзанырақ шыққанымен, концерт пен қонақ үй бағасы қымбатқа шығуы мүмкін.

Әуе билеті: Алматыдан Стамбул арқылы Дюссельдорфқа әуе билеті шамамен 306 000 теңге тұрады. Бұл жерде де ұшар күнге жақындаған сайын әуе билетінің бағасы өсетінін ескеру қажет.
Қонақ үй: Дюссельдорфта орта деңгейлі (2-3 жұлдызды) қонақ үйлердің бағасы 30-40 мың теңге, ал 5 жұлдызды қонақ үйлер 100 мың теңгеден басталады.
Концерт билеті: Бағасы 29 500 теңгеден 225 500 теңгеге дейін.

Осылайша, концертке бару шығындары кем дегенде 400 000 теңгеден жоғары болуы мүмкін.

Димаш Құдайбергеннің Прага мен Дюссельдорфтағы концерттеріне баруды жоспарласаңыз, шығындарыңызды алдын ала есептеп алған жөн. Мысалы, Димаштың Бельгиялық жанкүйері Венди Мразек екі қалада да өтетін концертке баруды жоспарлап отыр екен, оның айтуынша Прагада бірінші қатардағы билетке 471 € (235 мың тг), ал қонақ үйге 190 € (100 мың тг)жұмсаған. Дюссельдорфтағы концертке билет үшін – 350 € (184 мың тг), қонақ үйге – 189 € (99 мың тг) төлеген. Дюссельдорфтан Прагаға және кері бағытта ұшу бағасы шамамен 300 € (158 мың тг).

Венди Мразек Димаштың концерттері үшін ақшасын аямайтынын, арманына жету жолында ерекше әсерлер алу үшін бар дүниесін беруге дайын екенін айтты. Оның айтуынша, Прага мен Дюссельдорфтағы концерттерге бірінші қатардағы билеттер мен қонақ үйлерге қомақты қаражат жұмсаған. Димаштың өнері үшін осындай шығындарға дайын екенін және оның концерттері ерекше әсер сыйлайтынын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген Парижде атақты «Schiaparelli» сән үйі үшін Вандом алаңындағы сарайда фототүсірілім жасағаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз