Абхазияда наразылар парламент пен президент әкімшілігі ғимаратына басып кірді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Абхазияда наразылар парламент пен президент әкімшілігі ғимаратына басып кірді / фото: reuters

Абхазия астанасы Сухуми қаласында оппозиция өкілдері президент әкімшілігінің ғимаратына басып кірді, деп хабарлады ресейлік ТАСС басылымы.

Ресейлік басылымның мәліметінше, ел президенті Аслан Бжания ғимаратта болмаған. Бүгін 15 қарашада Абхазия парламенті Ресеймен жасалған келісімді ратификациялау мәселесін қарастыруы тиіс еді, бұл келісім бойынша ресейлік компанияларға Абхазияда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға рұқсат берілмек. Оппозиция бұл келісімді елдің экономикалық егемендігіне қауіпті деп санап, наразылық акциясын ұйымдастыруды алдын ала жариялаған.

Полиция күшейтілген режимде қызмет атқаруға көшірілді. Парламент ғимаратының алдына екі жарым мыңға жуық адам жиналды. Наразы топ парламентке кіруге тырысып, темір қоршауды автокөлікпен бұзып өткен. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен митингшілер арасында қақтығыс болды. Құқық қорғау органдары түтін шашқыштарын қолданып, митингшілерді тоқтатты. Парламент отырысы күн тәртібін бекіте алмағандықтан тоқтатылды.

Кейін наразылыққа қатысушылар президент әкімшілігі ғимаратына қарай бет алды. Президент әкімшілігі мен үкімет ғимараттары толығымен қоршауға алынды. Оппозиция талаптарын жеткізу үшін үкімет мүшелерімен келіссөздер жүргізілуде. Сол уақытта президент Аслан Бжания Сухумиде билік өкілдерімен кездесу өткізіп, жағдайды тұрақтандыру шараларын талқылады.

Сағат төрт шамасында оппозиция парламент ғимаратына қайтадан шабуыл жасады және наразылық білдірушілер ғимарат ішіне кірген. Абхазия билігі инвестициялық келісімге қатысты құжатты парламенттен қайтарып алатынын мәлімдеді.

ТАСС деректері бойынша, наразылық кезінде сегіз адам зардап шеккен. Жеті адамға амбулаторлық ем тағайындалып, бір адам ауруханада қалған.

Еске сала кетейік, Абхазия мен Ресей арасында қазан айында жасалған келісім бойынша Ресей компанияларына Абхазияда инвестициялық жобалармен айналысуға рұқсат беріледі. Экономика министрі Кристина Озган бұл келісім Абхазия экономикасын тұрақтандыруға ықпал ететінін айтқанымен, көптеген оппозициялық белсенділер мен азаматтар бұл келісімге қарсы.

Абхазияны Ресей, Никарагуа, Венесуэла, Науру және Сирия ғана жеке мемлекет ретінде мойындаған. Қазақстан және басқа елдер Абхазияны Грузияның бір бөлігі деп есептейді.

Сондай-ақ оқыңыз