Футболдан Қазақстан құрамасы Норвегиядан 5-0 есебімен жеңілді

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Норвегия – Қазақстан ойыны 5-0 есебімен аяқталды / фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар лигасындағы соңғы ойынын Норвегия құрамасына қарсы өткізіп жеңіліс тапты. Бұл матчта қазақстандықтар бірде-бір гол соға алмай, 5:0 есебімен ойсырай жеңілді. Осылайша, Қазақстан бір ұпаймен топтағы соңғы орынға табан тіреді.

Ойынның бірінші таймынан-ақ алаң иелері басым болды. Эрлинг Холанд 23-ші және 37-ші минуттарда екі гол соғып, дубль жасады, ал 41-ші минутта Александер Сорлот үшінші голды енгізді. Екінші таймда қазақстандық ойыншылар шабуылға белсенді шыға бастағанымен, нәтижеге жете алмады. 71-ші минутта Холанд хет-трик жасап, тағы бір гол соқты, ал 76-шы минутта Антонио Нуса есепті 5:0-ге жеткізді.

Топтық кезең нәтижесінде Норвегия құрамасы 13 ұпай жинап, бірінші орынға шықты. Қазақстан болса, алты ойынның барлығында бірде-бір гол соға алмай, жалғыз ұпайды өз алаңында Алматыда өткен Норвегиямен тең ойнау арқылы алды (0:0). Жалпы гол айырмасы 0-15 болған Қазақстан құрамасы келесі маусымда Ұлттар лигасының С дивизионында өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттар лигасы аясында Алматының орталық стадионында Аустрия құрамасына қарсы ойнап 2-0 есебімен жеңілген еді. Алматыда ойын алдында өткен баспасөз маслихатында Ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов журналистердің «қызметінен кетуіңіз мүмкін бе» деген сұрақтарына жауап берген еді.

Черчесовтың айтуынша, оның Қазақстан футбол федерациясымен ресми келісімшарты бар және өз міндетін орындауды жалғастырады.

«Иә, қазір федерация президенті жоқ, Әділет Барменқұлов бұл қызметтен өз еркімен кетті. Бұл оның жеке шешімі, мен ешқандай артық сұрақ қойған жоқпын. Менің білуімше жаңа президент 20 желтоқсан күні сайланады. Ал менің Әділет Барменқұловпен емес федерациямен келісімшартым бар. Сондықтан ол маған байланысты емес, келісімшарт бойынша жұмысымды жалғастыра беремін» – деді Черчесов.

Сондай-ақ оқыңыз