Депутат Сергей Пономарев Алматы метросын ұзарту үшін бір миллиард доллар бөлуді ұсынды
Алматы қаласындағы метро құрылысының баяу жүруі қоғамда сынға ұшырап келеді. Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының мүшесі Сергей Пономарев метрополитеннің қазіргі жағдайын сынға алып, оның ұзартылуын жеделдетуді талап етті.
Депутат президенттің Алматы метросын әуежай мен «Барлық» базарына дейін ұзарту туралы тапсырмасын еске салып, болашақта «Орбита» ықшам ауданы мен «Алматы-1» теміржол вокзалына дейін қосымша желілер салу жоспарланып отырғанын айтты. Алайда қазіргі құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді – жылына небәрі 1,5 шақырым тоннель салынып жатыр.
«Қала кептелісте тұншығып жатыр, ал метро бізге дәл қазір қажет», – деді Пономарев.
Депутат осы мәселені шешу үшін «Бюджет кодексіне» өзгеріс енгізіп, метро құрылысына 1 млрд доллар көлемінде қаржыны Эскимбанк арқылы алуды ұсынды.
«Бұл қаражат “Эксимбанк» арқылы алынатын болады. Жыл сайын 8-13 млрд теңге көлемінде қарыз өтеліп, сегіз жылдың ішінде толық жабылады. Сол уақытта метро да толық аяқталады деп үміттенеміз”, – деді депутат.
Алматылықтар үшін метроны тез арада дамыту өзекті мәселе болып отыр, себебі қала халқының көлікке тәуелділігі күн сайын артып келеді.