Ташкент, Самарқан, Бұхара жақындай түсті – Өзбекстан қазақстандықтар үшін шекарадан өтуді оңайлатпақ
Ташкент, Самарқан, Бұқараны көргісі келетін қазақстандықтар енді ID-карталарын қолдану арқылы шекарадан оңай өтетін болады. Бұл туралы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Олий Мажлисте үкіметтің бес жылға арналған басымдық берілген міндеттерін айқындау барысында мәлімдеген.
Қыркүйек айынан бастап Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары шекарадан ID-карталар арқылы өтуге мүмкіндік алған болатын. Ташкент бұл тәртіпті енді Қазақстан және Тәжікстан азаматтарына да енгізуді жоспарлап отыр. Өзбек президентінің сөзіне қарағанда, Өзбекстан елдің сыртқы саясаты тұжырымдасын жаңартуы тиіс.
Шавкат Мирзиёевтің пайымдауынша, Өзбекстанның жан-жақты дамуы үшін тиімді сыртқы саясат жүргізу керек. Достар мен серіктестердің аясын кеңейтіп, көрші мемлекеттермен аймақтық ынтымақтастықты тереңдету маңызды.
«Орталық Азия елдері арасында тату көршілік қарым-қатынасты нығайту, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету сыртқы саясатымыздың басымдық берілген бағыты болып қала береді», – деді Өзбекстан президенті.
2025 жылы Өзбекстанда Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары бас қосады.
Шавкат Мирзиёевтің пікірінше, Орталық Азия елдерімен тиімді және жүйелі байланыстарды дамыта түсуге ерекше назар аударылады. Сонымен қатар жетекші серіктестер, беделді халықаралық және аймақтық ұйымдар мен қаржы институттары да осы санатқа енеді.
Мұның алдында Қазақстан мен Өзбекстан арасында Ташкентті, Түркістанды, Отырар мен Арыстанбабты аралап көруге мүмкіндік беретін теміржол туры іске қосылғаны туралы жазған болатынбыз.