Қор нарығына шолу: әлемдік қарыз 320 трлн доллардан асты, Rolls-Royce рекорд орнатты
АҚШ-тағы жұмыс орындарының саны артып келеді, еңбек нарығы әлі де орнықты. Бұл қор нарығы үшін оң сигнал саналады. Себебі бұл жағдай ФРЖ пайыздық мөлшерлемесінің одан әрі төмендеу мүмкіндігін нығайтады. Дегенмен JPMorgan стратегтері, басқа да сарапшылар сияқты, Трамптың протекционистік саясаты салдарынан инфляциялық толқынның қайта оралуы мүмкін екенін еске салды. 3 желтоқсанға арналған әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
JPMorgan: нарыққа төнген қауіп бар
CNBC хабарлауынша, JPMorgan 2025 жылы АҚШ нарығының тұрақты өсімін болжап отыр. Бірақ бірқатар қауіп-қатер барын да ескертті. Банк стратегі Дубравко Лакоша-Буждың айтуынша, бұл тәуекелдер жаңа инфляциялық толқынмен және келесі жылдың соңында пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуімен байланысты болуы мүмкін. Дональд Трамптың тарифтік саясаты бағаны қайтадан көтеріп, қаржылық жағдайды қиындатуы ықтимал.
JPMorgan 2025 жылы S&P 500 индексінің 6 500-ге дейін өсетінін болжап отыр. Бұл қазіргі деңгеймен салыстырғанда 7,5% өсімді білдіреді. Аналитиктер АҚШ-тың экономикасында рецессия қаупін көріп отырған жоқ және әлем бойынша да жалпы оң болжамдар бар.
«Біздің негізгі болжам 2025 жылы әлемдік экономиканың орнықты, бірақ қалыпты өсуін көрсетеді. Негізгі инфляция шамамен 3% деңгейінде сақталады», – деп жазды стратегтер.
Дегенмен Қытай экономикасы біраз баяулайды.
АҚШ-та жұмыс орындарының саны артып келеді
Yahoo Finance жазуынша, қазан айында АҚШ-тағы жұмыс орындарының саны 7,74 млн-ға жетіп, қыркүйектегі 7,37 млн-нан асып түсті. Сөйтіп, сарапшылардың болжамынан (7,51 млн) артық орындалды.
«Бүгінгі есеп еңбек сұранысының төмендегенін көрсетсе де, әлі де құлдырағанын аңғартпайды», – деді Raymond James компаниясының бас экономисі Эухенио Алеман.
Вакансиялар мен жұмыстан шығу жайын зерттеу қазан айында 5,31 млн адам жұмысқа қабылданғанын көрсетті, бұл қыркүйектегі 5,58 млн адамнан аз, ал жұмыстан шығу деңгейі 1,9%-дан 2,1%-ға өсті.
«Жұмыстан шығу деңгейі 2023 жылдың мамыр айынан бергі алғашқы өсімін көрсетті. Бұл қызметкерлердің өз лауазымын тастауға дайын екендігін көрсетеді және еңбек жағдайы бойынша тұтынушылардың болашақтағы болжамының оң екенін дәлелдейді», – деп жазды Oxford Economics компаниясының аға экономисі Мэтью Мартин.
Естеріңізге сала кетейік, бұл көрсеткіштер АҚШ-тың Федералды резерві шешім қабылдағанда назарға алатын деректердің бірі болып саналады.
Әлемдік қарыз 320 трлн доллардан асты
Reuters мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы үш айында әлемдік қарыз 12 трлн долларға артып, жалпы көлемі рекордтық 323 трлн долларға жетті (Халықаралық қаржы институтының деректері бойынша). Қарыздың өсуі қарыз алу құнының төмендеуі мен тәуекелдерге деген қызығушылықтың артуымен байланысты.
Институт мәліметтері бойынша, 2028 жылға дейін әлемдік мемлекеттік қарыздың көлемі үштен бірге ұлғайып, 130 трлн долларға жетуі мүмкін. Бұл әлемдегі барлық ел үшін қарыздың қайтарылмау қаупін арттырады.
«Сауда-саттықтағы шиеленіс пен жеткізу тізбегіндегі кідірістер әлемдік экономикалық өсімді тежейді. Бұл инфляциялық қысымның қайта күшеюі және мемлекеттік қаржының қатайтылуы кезінде суверенді қарыз нарығында құлдырау кезеңдерінің ықтималдығын арттырады», – делінген есепте.
Сонымен қатар пайыздық мөлшерлемелердің өсуі «қаржылық қиындықтарды күшейтеді» әрі қарызды басқаруды қиындатады.
Мысалы, АҚШ-та қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы (қарыздың төлем қабілеттілігін өлшейтін негізгі көрсеткіш) шамамен 326%-ға жетті. Дамушы нарықтарда бұл көрсеткіш 245%-ға дейін өсті және 105 трлн долларға жақындады. Қарызды өтеуге жұмсалатын шығындар барлық жерде өсіп жатыр, әсіресе дамыған елдерде.
Rolls-Royce құны 50 млрд фунт стерлингке жетті
Bloomberg хабарлауынша, Rolls-Royce компаниясының акциялары Лондонда өткен сауда-саттықты тарихи максимумда аяқтады – бір акцияның бағасы 5,914 фунт стерлинг болды, күніне +3,21% өсті. Компанияның құны алғаш рет 50 млрд фунт стерлингке (63 млрд доллар) жетті.
2024 жылдың басынан бері Rolls-Royce акциялары 97% қымбаттады және Stoxx Europe 600 индексіндегі басқа акцияларды басып озды. Компания Airbus SE ұшағындағы Trent XWB қозғалтқыштарын өндіреді. Rolls-Royce сатылымы пандемиядан кейінгі алыс сапарларға сұраныстың артуы нәтижесінде күрт өсті.
Дегенмен болашақтағы өсім шектеулі болады. Жылдық орташа мақсатты баға 5,93 фунт стерлинг деп белгіленді.