Жаңа жылға қарай азық-түлік бағасы көтерілуі мүмкін бе? Үкімет тұрақтандыру резервіндегі қорларды өткен жылғыдан екі ай бұрын сата бастады

Жарияланды
Жаңа жылға азық-түлік
Жаңа жылға қарай азық-түлік бағасы қымбаттап кетпеу үшін тұқрақтандыру қорларына жиналған өнім сатыла бастады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет жаңа жылға қарай азық-түлік бағаларының қымбаттап кетуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру резервтеріндегі қорларды шығара бастады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қараша айында азық-түлік емес тауарлардың бағасының индексі 0,7%-ды құраған. Ал ақылы қызметтердің баға индексі – 0,8%, азық-түлік өнімдері – 1,1% деңгейінде қалыптасқан.

Жалпы елде 159,6 мың тонна көкөніс қоры жиналған. Бүгінде оның 13,4 мың тоннасы сатылып үлгеріпті. Ең көп сатылған көкөніс түрі картоп – 7,2 мың тонна, сәбіз – 2,1 мың тонна, пияз – 2,2 мың тонна, қырыққабат – 1,7 мың тонна.

Вице-премьер Серік Жұманғарин АШМ басшысына аймақтармен бірлесіп жұмыс жүргізіп, жаңа жыл қарсаңында қымбаттауға бейім жылыжайда өсірілетін көкөністер бағасының шарықтап кетпеуін қадағалауды тапсырған. Ол үшін министрлік жаңа жыл қарсаңында дүкен сөрелерінде мұндай көкөністердің сиреп кетуіне жол бермеуі керек.

Ал тұрақтандыру қорларынан биыл 2 ай ертерек шығарылған көкөніс түрлері халыққа ауылшарушылық жәрмеңкелері арқылы сатыла бастайды.

«Бұл шара көкөніс және басқа өнімдерді қолжетімді бағада сатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа жыл алдындағы негізгі азық-түлік өнімдері бағасының күрт өсуін тежеуге бағытталып отыр»,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 2023 жылы тұрақтандыру қорлары ақпан айында ғана іске қосылған. Ол кезде тұрақтандыру қорлары шарықтап кетен инфляция аясында азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу үшін сатыла бастаған болатын. Айта кетейік,  2023 жылдың ақпанында жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған болатын.   2023 жылдың басында пияз – 22,5%, күріш – 5,2%, қырыққабат – 4,1%, сүт және сәбіз – 3,1%, картоп – 3% қымбаттаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз