Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейден келетін балалар киімі мен аяқ-киімі қауіпті болып шықты
Армения, Беларуссия, Қырғызстан және Ресейден келетін жаңа жылдық костюмдер, балалар аяқ киімі мен киім-кешегі қауіпті болып шықты. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балалар мен жасөспірімдерге арналған киім-кешек пен аяқ-киімнің 485 үлгісіне сараптама жүргізген. Оның ішінде 358 үлгі, яғни 74%-ға жуығы кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сай келмейтін болып шықты.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті биылғы жылдың 10 айында балалар мен жасөспірімдерге арналған киім мен аяқ киімдерге бақылау мен зерттеу жүргізген. Нәтижесінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден, нақты айтқанда Армения, Беларуссия, Қырғызстан және Ресейден импортталатын тауарлар талапқа сай келмейтіндігін анықтады.
«Комитет балалар мен жасөспірімдерге арналған киім мен аяқ киімнің 485 үлгісін сатып алып, зерттеді, оның ішінде Кеден одағының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін 358 үлгіні анықтады, бұл 73,8% құрайды. Оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнімі – 65 (18,2%), басқа елдердің өнімі – 293 (81,8%)»,- деп хабарлады Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Комитеттің мәлімдеуінше, негізінен компаниялар таңбалау ережелерін сақтамайды. Мұндай факті бойынша – 92,7%, физикалық-гигиеналық көрсеткіштер бойынша талаптарға сәйкес келмеу – 7,3%-ды құрағанын хабарлады.
Жаңа жылдық костюмді таңдағанда не нәрсеге көңіл бөлу керек?
Сондай-ақ ведомство жаңа-жыл мерекесі қарсаңында ата-аналар тарапынан түрлі карнавал костюмдеріне сұраныс артатынын атап өтті. Талапқа сай емес, қауіптілігі жоғары киім-кешектердің үлесін атаған комитет бұл орайда ата-аналарға бірқатар кеңес беріп, ескерту жасады. Сонымен балаға арналған карнавал костюмін таңдағанда не нәрсеге көңіл бөлу керек?
«Материалдың құрамында синтетика аз болуы, костюмның астары табиғи материалдан болуы тиіс. Карнавал киімі сапалы болуы, оның ішінде маскада жағымсыз химиялық иіс болмауы, сонымен қатар бояудың, жылтырдың іздерін қалдырмауы керек. Тігістер тегіс болуы керек, резеңкелер, белбеулер мен бекіткіштер денені қыспауы тиіс. Бұйым туралы барлық ақпарат көрсетілуі тиіс таңбалаудың болуына назар аударуды ұмытпаңыз: дайындаушының импорттаушының атауы мен орналасқан жері, бұйымның атауы мен түрі, табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен пайызы, аң терісін пайдалану кезінде – оның табиғилығы, жасандылығы мен өңделгені (боялған немесе боялмаған) туралы ақпарат көрспетілуі тиіс»,- деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Бұдан бөлек, сатушы тұтынушының талабы бойынша оның қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттамамен (сәйкестік сертификаты) таныстыруға міндетті.
Айта кетейік, ЕАЭО елдері арасында Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші нашар. Мәселен, Қазақстан қаңтар-шілдеде ЕАЭО мемлекеттері арасында өнеркәсіп өндірісінің ең төмен қарқынын байқатқан. 7 айда елдегі өнеркәсіп 2,9% өскен. Бұл көрсеткіш бойынша тек Қырғызстаннан алда келеді.