Илон Масктың SpaceX жеке ғарыш компаниясының акциясы 65%-ға өсіп, 350 млрд долларға жетті – Bloomberg

Жарияланды
Илон Масктың SpaceX жеке ғарыш компаниясының бағасы 350 млрд долларға жеткен/ Фото: Reuters/Joe Skipper

Bloomberg Илон Масктың SpaceX жеке ғарыш компаниясының бағасы 350 млрд долларға жеткенін хабарлады. Мұндай баға компанияның ішкі акционерлері мен қызметкерлері арасында акцияларды сату мәмілесі нәтижесінде қалыптасқан.

SpaceX – зымыран мен Starlink спутниктерін шығаратын компания. Оның инвесторлары компанияның акцияларын инсайдерлерден (қызметкерлер мен ерте кезеңдегі акционерлерден) сатып алу туралы келісімге келген. Мәміле көлемі – 1,25 млрд доллар шамасында. Бұл SpaceX компаниясының жалпы бағасын 350 млрд доллар деңгейінде бағалауға мүмкіндік береді.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, мәміле бойынша бір акцияның бағасы 185 доллар болды. Бұл үш ай бұрынғы бағамен салыстырғанда 65%-ға жоғары. Ол кезде 1 акция 112 долларға тең болған еді. Тиісінше, үш ай бұрын компанияның бағасы 210 млрд долларға бағаланған. SpaceX компаниясы акцияларын 500 млн доллар көлемінде сатып алуды ұсынды.

Жаңа бағалау SpaceX компаниясын әлемдегі ең қымбат жеке стартап ретінде бекіте түсті. Бұл компанияның нарықтық капиталдандырылуы кейбір ірі қоғамдық компаниялармен бәсекелесе алатынын көрсетеді. Forbes та SpaceX-тің жаңа бағалауы оны әлемдегі ең қымбат стартапқа айналдырады деп жазды.

SpaceX-тің жаңа бағасы Маск бизнесінің, оның ішінде Дональд Трампты қолдаған компанияларының табыстылығын көрсетеді деп түсіндірді Bloomberg. Масктың бизнесі Трамптың жеңісінен кейін айтарлықтай өсті. Өйткені инвесторлар оның Ақ үймен байланысынан пайдаға кенелу мүмкіндігін көріп отыр.

Мысалы, Маск басқаратын Tesla компаниясының акциялары 60%-ға өскен. Компания 10 желтоқсандағы сауданы 400,99 доллар деңгейінде жапты. Бұл 2021 жылғы қарашадағы рекордқа жақын. Масктың жасанды интеллект саласындағы xAI жеке стартапы қараша айында қаржыландыруды аяқтап, екі есе өсім көрсетіп, 50 млн долларға бағаланған.

Кейінгі жылдары SpaceX NASA, Пентагон және жеке компаниялар үшін жүк пен адамдарды жер орбитасына тасымалдау қызметтерін жеткізуші жетекші компанияға айналды. Сонымен қатар компания Starlink жүйесін құрып, спутниктер арқылы интернетке қосылуды қамтамасыз етеді. SpaceX құнының өсуі компанияның ауыр салмақты ракета, оның ішінде әлемдегі ең ауыр ракета Starship-ті сәтті дамытуымен байланысты.

Bloomberg миллиардерлер индексіне сүйенсек, Масктың байлығы шамамен 384 млрд долларға жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз