Тәуелсіздік күні – ел тарихындағы ең маңызды күндердің бірі. Бұл мерекеге орай, азаттық пен еркіндік үшін күрестің маңыздылығын бейнелейтін көркем фильмдерді тамашалау ерекше әсер сыйлайды. Kursiv LifeStyle отансүйгіштік рухты оятатын, тәуелсіздікке жету жолындағы халқымыздың қажырлы еңбегін көрсететін бірқатар туындыларды ұсынады.
«Оян, қазақ»
Қазақ киноиндустриясында өте сәтті болған жобалардың бірі «Оян, қазақ» фильмі. Мұрат Есжанның фильмі ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси ахуалын көрсетеді. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірі мен күрес жолын арқау еткен туындыда оның «Оян, қазақ!» атты кітабын жазуы, «Бақытсыз Жамал» романын шығаруы, қоғамдағы қызметі мен отбасы оқиғалары баяндалады. Міржақыптың ел болашағы, тәуелсіздік күресі үшін жасаған еңбектері арқылы сол кезеңдегі қазақ халқының басынан өткен қиындықтар көрсетілген.
«Аллажар»
Режиссер Қалдыбай Әбеновтің фильмі желтоқсан оқиғасы жайлы түсірілген алғашқы туындылардың бірі. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған бұл фильм еліміздің тарихындағы ең ауыр әрі маңызды сәттерді суреттейді. Бас кейіпкер Азат (Прототипі: Қайрат Рысқұлбеков) – көтеріліске қатысып, әділетсіздікпен бетпе-бет келген жас қазақ жігіті. Оның түрмедегі қиындықтары, азаптау мен ауыр сынақтардан өтуі арқылы тәуелсіздікке жету жолындағы күрестің шындығы көрсетіледі.
«Қызғыш құс»
Талғат Теменовтің «Қызғыш құс» фильмі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде жастардың күрес жолын, олардың ар-намысы мен бостандыққа деген ұмтылысын баяндайтын тағы бір терең драмалық туынды.
Фильмнің басты кейіпкері – Санжар есімді жас жігіт. Ол Желтоқсан көтерілісіне қатысып, әділетсіздікке қарсы тұруға бел буады. Алайда көтеріліс басылғаннан кейін, билік органдары оны қудалауға кіріседі. Санжар милициядан жасырынып, бір орыс кемпірдің үйін паналайды. Осылайша, оның қашып жүрген өмірі, көтеріліс кезіндегі қиындықтары мен әділетсіздіктің зардаптарын басынан өткеруі арқылы сол дәуірдің ащы шындығы көрсетіледі.
Желтоқсан оқиғасының тарихи әрі жеке адамға тигізген ауыртпалығын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.
«Отыздан асып барамын»
Қуаныш Бейсектің «Отыздан асып барамын» фильмі тәуелсіздік туралы түсірілген фильмдердің арасында ерекше, жаңашылдықпен түсірілген туынды. Фильмде қарапайым адамның өмірі арқылы үлкен тарихи маңыздылықты көрсетеді.
Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен жеке адамның өзін-өзі табу жолын салыстыру арқылы жастарға рухани мотивация береді.
Фильмнің басты кейіпкері – 30-ға жақындаған азамат. Ол өмірінде күрделі шешімдер қабылдауға, болашағын қайта қарауға мәжбүр болады. Бұл кезең әрбір адамның өміріндегі бетбұрыс кезеңі ретінде суреттеледі. Басты кейіпкердің тұлғалық дамуы мен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы даму жолы қатар бейнеленген.
«Елбасы жолы»
Ақан Сатаевтың «Елбасы жолы» фильмі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолын, елдің тәуелсіздікке жету жолындағы күрделі кезеңдерін және жаңа мемлекет құрудағы шешуші оқиғаларды бейнелейтін биографиялық-драмалық туынды. Фильмде Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарындағы оқиғалар арқау етіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдауы басты оқиғалардың бірі ретінде көрініс табады. Фильмде жаңа астананы салу кезіндегі қиындықтар, қаржылық тапшылық, қоғамдық пікірге қарсы тұру және бұл шешімнің ақырында тарихи жетістікке айналғаны баяндалады.
Еске сала кетейік, бұған дейін желтоқсан айында кинопрокатқа қандай фильмдер шығатыны туралы жазған едік.