Теңгеге сенім азайып бара ма: қазақстандықтар ақшасын доллармен сақтауға көшкен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстандықтар өткен айда теңге қатты құнсызданған соң, ақшасын теңгеде емес, долларда сақтауға көшкен. Ұлттық банк статистикасы бойынша, шетел валютасында сақталған депозиттердің көлемі бір айда 800 млрд теңгеге өсті.

Қараша айында жалпы депозит көлемі рекорд орнатып, 38,6 трлн теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың да, заңды тұлғалардың да жинағы 1,7-2% өсім байқатты.

Соның ішінде долларда сақталған депозиттер көлемі бір айда 8 трлн теңгеден 8,8 теңге жеткен. 2023 жылдың қараша айымен салыстырғанда 23% өсім көрсетті.

Ал теңгеде сақталған депозит көлемі қараша айында 29,8 трлн теңгеден сәл азайып (-0,3%) 29,7 трлн теңгені құрады. 2024 жылдың басынан бері теңгедегі депозит көлемі тек өсіп келе жатқанын есерсек, дәл қарашада минусқа кетуі теңгенің құнсыздануымен байланысты болуы ықтимал.

Өйткені өткен айда ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы бірден 5%-ға әлсіреген. Ұлттық банктің 17 желтоқсандағы ресми бағамы бойынша, 1 доллар – 522,5 теңгеге тең. Ал айырбастау пункттері 526-528 теңгеге сатып жатыр.

Дегенvен қазір теңгедегі депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі шетел валютасындағы депозиттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз