Құрылысы 6 жылға созылған «Атырау-Астрахань» жолы пайдалануға берілді
Құрылысы алты жылға созылған Ресей мен Қазақстанды жалғайтын жол қолданысқа берілді. 272 шақырымды құрайтын «Атырау-Астрахань» жолының құрылысы аяқталды.
Жоба 2018 жылы басталған болатын. Қаржыландыру Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиесі есебінен жүзеге асты.
Алты жылға созылған жол: қандай жұмыстар атқарылды?
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылған. Әр бағытта ені 3,75 метрден тұратын екі жолақты қозғалысы бар жол салынған.
«Жоба аясында 6 көпір, 1 жолөтпе, 60 су өткізгіш құбыр мен 10 демалыс алаңдары абаттандырылды. Сондай-ақ 650 жарық тірегі орнатылып, жол пайдаланушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етілді. Осы уақытта дейін бұл учаске арқылы жол жүру уақыты 5 сағат болса, ал қазір бүкіл маршрутты жүріп өту үшін 2 сағат кетеді,- деп хабарлады ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.
Жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия мен Әзербайжан елдерінің компаниялары қатысты. Жалпы құрылыс жұмыстарына бас-аяғы 650 маман мен 450 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Еске сала кетсек, Үкімет резервінде қаражаттың жоқтығына байланысты Қаржы министрлігі Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне тасқын су шайып кеткен жолдарды жөндеуге сұраған 1 млрд теңге көлеміндегі қаражатты беруден бас тартқан.
Министрлік мәліметінше, Үкімет резервіндегі қаражат тасқын су шайып кеткен республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге жұмсалған. Көктемгі су тасқыны кезінде республикалық жолдар бойынша 10 өңірдің 122 учаскесінде жол жиектері мен жол төсемі шайылып кеткен. Олар бойынша жалпы келтірілген шығын сомасы 8,5 млрд теңгені құраған.