Балабақшаларды лицензиялау арқылы не өзгереді?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Балабақшаларды лицензиялау арқылы не өзгереді? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Елімізде балабақшаларды лицензиялау туралы маңызды норма қабылданды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Депутаттың айтуынша, лицензиялау жүйесі арқылы барлық балабақшаға бірыңғай талап қойылып, олардың жауапкершілігі артады.

Бұл талаптар мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға бірдей қолданылады. Атап айтқанда, лицензиялау жүйесі балабақшалар санын қысқартпайды. Мемлекет жұмыс істеп тұрған мекемелердің қызметін сақтап қалуға мүдделі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, лицензиялау талаптары қатаңдатылмайды, ал мекемелерге 2027 жылға дейін дайындық кезеңі беріледі.

«Жекеменшік мектептердің лицензиялау тәжірибесін мысал ретінде келтіруге болады. Бұл жүйе жеке мектептердің санын 20 есе арттыруға еш кедергі болған жоқ. Керісінше, білім беру саласының сапасын арттыруға ықпал етті», деп жазды Аймағамбетов.

Министрлікте жұмыс істеген кезде Аймағамбетов лицензиялау жүйесін енгізу қажеттілігінің уақыт өте келе дәлелденгенін айтты. Ол сол кездегі талқылаулар мен пікірталастарға қарамастан, бұл шешімнің бүгінгі күнде маңыздылығы айқын екеніне тоқталды.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Еділ Жаңбыршин балабақшаларға жыл сайын 800 млрд теңге жұмсалатынын, ол ақшаның қайда және қалай жұмсалып жатқаны белгісіз екенін айтқан еді.

Сонымен бірге депутат балаға білім беретін нысандардың бәрін Кәсіпкерлік Кодекстен алып тастауды ұсынды. Мұндай мекемелерді прокуратура кез-келген уақытта тексеріп бара алатындай жағдай жасалуы керек деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз