Франция соты 3 жылға сотталған экс-президент Николя Саркозидің шағымын қабылдамады

Жарияланды
Фото: 24tv.ua; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2021 жылы жемқорлық ісі бойынша 3 жылға сотталған Францияның экс-президенті Николя Саркози кассациялық сотқа аппеляциялық шағым түсірген. Алайда сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Сот үкіміне сәйкес экс-президент 1 жыл бойы үй қамақта отырып, арнайы бақылау электронды білезігін тағып жүру керек болады.

2021 жылғы сот шешіміне сәйкес, Саркози үш жылдың екі жылын шартты түрде өтеу керек болған.

Саркози бұған дейін де сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсіріп, 2023 жылдың мамырында сот шешімі күшінде қалған болатын. Бірақ сот егер Саркози үйде электронды бақылау білезігін тағуға келіссе, қалған бір жылын түрмеде емес, үйқамақта өткізе алатыны туралы шешім шығарған.

«Сәрсенбі күні елдің жоғарғы сотында апелляциялық шағымнан жеңілген Николя Саркозидің Францияда барлық заңды мүмкіндіктері таусылды, енді үкім заңды күшіне енуі керек», – деп жазады жергілікті басылымдар.

Айта кетейік, Саркози президент болып тұрған кезде өзінің мүмкіндігін асыра пайдаланып, прокурор Жильбер Азиберден бір сот ісіне қатысты ақпарат бергені үшін лауазымын көтеруге уәде беріп, жемқорлыққа итермелеген деп айыпталып отыр.

Саркози өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол өзін «үлкен әділетсіздік құрбаны болдым» деп санайды. Экс-президенттің адвокаты Патрис Спиноси Саркозидің сот шешімін орындайтынын, бірақ адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа шағымданатынын жеткізген.

Сондай-ақ оқыңыз