«Қайткен күнде де саламыз». Маңғыстау облысының әкімі Бозжырада қонақүй 2025 жылы салынатынын айтты
Маңғыстау облысында орналасқан Бозжыра шатқалы мен Айрықты шатқалында екі қонақүй салынады. Осылайша бірнеше жыл бұрын халық қарсылығына байланысты тоқтап қалған жоба қайта жаңғыртылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифифнгте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты.
«Бір кездері инвесторлардың бастамасы жүзеге аспай қалған болатын. Қазіргі күні біз ол жерде қонақүй салуды жоспарлап отырмыз. Тек Бозжырада ғана емес, сонымен бірге дәл сондай Айрақты деген жер бар. Сол жерде де қонақүй саламыз», – деді әкім.
Әкім мәліметінше, құрылыс жүргізетін компания нақты қай жерде қонақүй салынатынын белгілеп қойған. Қазіргі күні жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
«Біз келесі жылы қайткен күнде де қонақүй құрылысын бастаймыз. Бұдан бәрі де ұтады. Туристер үшін де, сол маңның халқы үшін де тиімді жоба болады. Қонақүй өңірге жаңа дем береді. Бозжыра мен Айрақтыда қонақүй салынады», – деді Қилыбай.
Өңір басшысы құрылысты бұрынғы түрік компаниясы емес, жергілікті компания жүргізетінін, құрылыстың тарихи мәдени орынның көркіне нұқсан келтірмейтінін атап өтті.